Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл бастама – жергілікті деңгейде кәсіби көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ол балалардың, ата-аналар мен педагогтердің психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған.
Орталықтардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін министрлік олардың міндеттері мен жұмыс бағыттары, штат кестесі және мамандардың лауазымдық нұсқаулықтары айқындалған бірыңғай үлгі әзірледі. Бүгінгі күнге дейін бұл орталықтарда 240 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасына кешенді көмек көрсетілді.
Айта өтейік, кездесуге Шымкент қаласы білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының директоры Жандаулет Айтуарұлы қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Сонымен қатар, ол психологиялық қолдауды күшейту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және мектептердегі оқушылармен жұмысты тиімді ұйымдастыру бойынша өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.
«Бүгінде барлық деңгейде балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсетудің орнықты моделі қалыптасып келеді. Өткен жылы мектеп психологтарының жұмыс форматын қайта қарап, артық есептілікті азайттық, диагностикалық құралдарды бекіттік, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейттік. Қазір бір маманға 500 оқушы есебінен педагог-психологтардың нормативтік жүктемесін азайту мәселесі қаралып жатыр. Бұл мамандардың күш-жігерін профилактикаға, тәуекелдерді ерте анықтауға және әрбір балаға жеке қолдау көрсетуге бағыттауға мүмкіндік береді. Біз балаларды жай ғана қорғап қоймай, олардың өздерін қорғалған әрі даму мүмкіндігі бар тұлға ретінде сезінетін ортаны қалыптастыруымыз керек», – деп атап өтті министр.
Кездесу соңында үздік мамандар ведомстволық наградалармен мараптталды. Қазіргі таңда Орталықтарда 500-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Жалпы, еліміздің білім беру жүйесінде 8 мыңнан астам педагог-психолог еңбек етуде. Бұл орталықтар мамандар үшін әдістемелік және тәлімгерлік қолдау көрсететін, тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін кәсіби хабқа айналып келеді.