Түркістан облысы соңғы жылдары өндіріс пен инновацияны дамытуды стратегиялық мақсат ретінде белгілеп, жаңа өндірістік аймақтарға тың серпін беріп келеді. Соның жарқын мысалы – Ордабасы ауданында ашылған «Дарын-2030» жаңа фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны. Бадам ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында орналасқан бұл нысан – аймақтың денсаулық сақтау саласын күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Жаңа өндіріс клиникалық зертханаларға аса қажет өнімдер – стерильді дефибринделген қой және жылқы қаны, сондай-ақ инактивтелген жылқы сарысуын дайындайды. Бұл реагенттер медициналық талдаулардың басты компоненттері саналады. Бұрын көп жағдайда шетелден тасымалданатын бұл өнімдер енді өз елімізде, жергілікті мамандардың қатысуымен өндіріле бастайды. Бұл — импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық медицинада қолданылатын өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік беретін айтарлықтай қадам.
Кәсіпорынның негізін қалаушы Гулия Джузенова – фармацевтика саласында 40 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман. Ол бұл жобаны ұзақ жылдық ізденістің нәтижесі ретінде бағалайды.
«Біздің басты мақсатымыз — Қазақстан зертханаларын сапалы, сенімді, әрі қолжетімді отандық реагенттермен қамтамасыз ету. Өнімдеріміз ғылыми талаптарға сай әзірленіп, халықаралық стандарттарға сәйкес дайындалады», – дейді ол.
Кәсіпорынның ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов бұл жобаның аймақтың өнеркәсіптік даму картасындағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндірістер өңірдің экономикалық тұрақтылығын арттырып, инновациялық бағыттағы жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жол ашады.
Ал аудан әкімі Азат Оралбаев Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында жүзеге асып жатқан жобаның Ордабасы ауданы үшін үлкен әлеуетке ие екенін жеткізді:
«Бұл — жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиялар, жаңа мүмкіндіктер. Медициналық бағыттағы мұндай өндірістердің көбеюі ел денсаулығын нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі», – деді аудан әкімі.
Ордабасыда іске қосылған бұл жаңа фармацевтикалық кәсіпорын – аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің медициналық қауіпсіздігі мен биологиялық тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, зертханаларға арналған қосымша өнімдер шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша «Дарын-2030» отандық медициналық реагенттер нарығында бәсекеге қабілетті ірі брендке айналу жолында.
