2025–2027 жылдарға арналған ғылыми жоба мемлекеттік қаржыландыруға ие болды. Tashenev University-нің «Ағылшын тілі» кафедрасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жариялаған ғылыми жобалар конкурсы нәтижесінде 61 734 671 теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алды. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетінің нығайып, халықаралық деңгейдегі зерттеулерге белсене қатысып келе жатқанының айқын дәлелі.
«Жасанды интеллект негізінде шет тілін оқытуда цифрлық технологиялар мен геймификацияны біріктіру». Үш жылға (2025–2027) жоспарланған бұл зерттеу жобасы білім берудің жаңа парадигмасына сай шет тілін оқытудың инновациялық үлгісін ұсынуды көздейді. Енді цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тіл үйретуде тек көмекші құрал ғана емес, басты оқыту тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.
Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект пен ойын элементтеріне негізделген, әрбір студенттің оқу қарқыны мен деңгейіне бейімделетін интерактивті цифрлық платформа әзірлеу. Бұл платформа студенттің жеке қажеттілігіне жауап береді, оқу мотивациясын арттырады, тіл үйрену үдерісін тартымды әрі нәтижелі етеді.
Ғылыми жетекшінің пікірі: «Біздің жобамыз – болашақ білім беруге қадам. Жасанды интеллект пен ойын технологиялары арқылы біз шет тілін оқыту әдістерін түбегейлі өзгертуді мақсат тұтып отырмыз. Енді студент тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушыға айналады», – дейді жоба жетекшісі, PhD, кафедра меңгерушісі Артықбаева Фазила Ілмарқызы.
Зерттеу тобында – тәжірибелі педагог-ғалымдар: Артықбаева Фазила Ілмарқызы – PhD, ғылыми жетекші, кафедра меңгерушісі; Арзымбетова Шолпан Жақсылыққызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор м.а., «Болашақ» стипендиясының иегері; Тұрсынова Гүлдар Исмайылқызы – аға оқытушы; Мырзахметова Жаннат Жауланқызы – оқытушы; Юсупова Гузаль Тажиханқызы – аға оқытушы.
Бұл зерттеу еліміз үшін стратегиялық маңызды үш бағытты тоғыстырады: ғылыми сала – Тіл және лингвистика; арнайы бағыт – Білім беруді цифрландыру; ұлттық басымдық – Елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру.
Tashenev University білім беру ғана емес, ғылым мен инновацияны дамытуды өз миссиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Бұл грант – университеттің ғылыми-зерттеу бағытының жаңа жетістігі ғана емес, сонымен қатар білім беру мен ғылымның бірігуіне негізделген нақты қадамы.