Қауіпсіздік – кез келген білім ордасының басты басымдығы. Жұмабек Тәшенев атындағы университетте орын алған түнгі оқиға бұл қағидаттың тағы бір дәлеліне айналды. 2025 жылғы 28 сәуірге қараған түні сағат 02:30 шамасында университет аумағында болған құқықбұзушылық әрекет дер кезінде тоқтатылып, ұрлықтың алдын алу мүмкін болды. Бұл – бір жағынан заманауи қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі болса, екінші жағынан, қызметіне адал қараған күзет қызметкерінің қырағылығының арқасы.
Оқиға түнгі кезекшілік барысында орын алған. Бетперде киген бесеу белгісіз тұлғалар университет мүлкін иемденуге әрекет жасаған. Алайда ғимараттың ішкі және сыртқы периметрінде орнатылған жоғары технологиялы бейнебақылау жүйесі мен көзден таса аймақтардың болмауы құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік берді. Күзет қызметін атқарып жүрген «Group Security» агенттігінің қызметкері Ануарбек Ахмирзаұлы Шаимов бейнебақылау арқылы күмәнді қозғалысты байқап, кәсіби шеберлікпен бірден тиісті әрекетке көшкен. Ол жедел түрде құқық қорғау органдарына хабар беріп, жағдайды бақылауда ұстады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, бес күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Қырағылық танытқан күзет қызметкері: «Мен тек өзімнің қызметтік міндетімді атқардым. Ең бастысы – студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі. Бұл – мен үшін басты жауапкершілік», – деп пікір білдірді.
Университет ұжымы мен басқармасы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше қырағылық танытқан қызметкердің әрекетін жоғары бағалап, оны арнайы марапаттады. Бүгін университет ректоры Ануарбек Ахмирзаұлына алғыс айтып, Басқарма Төрағасының алғыс хатын және ақшалай сыйақыны салтанатты түрде табыстады. «Ануарбек Ахмирзаұлының бұл әрекеті – нағыз кәсібилік пен жауапкершіліктің үлгісі. Мұндай азаматтармен бірге жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз», – деді ректор марапаттау барысында.
Сонымен қатар, университет акционерлері мен басшылық тарапынан күзет агенттігімен серіктестікті нығайта отырып, осындай қызметкерлерді ынталандыру туралы шешім қабылданды. Бұл бастама – адал еңбек пен қырағылыққа берілген нақты баға және басқа қызметкерлер үшін үлгі боларлық әрекет.
Бұл оқиға – университет қабырғасында қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының және қызметкерлердің кәсіби деңгейінің айқын дәлелі. Университет басшылығы болашақта да қауіпсіздік мәдениетін нығайтып, осындай ұлағатты қызметкерлерді қолдау мен ынталандыру жұмыстарын жалғастыра беретін болады.