Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен және «Бәйтерек жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Кентау көпсалалы колледжінің студенттері арасында нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында студенттерге есірткі заттарының адам денсаулығына тигізетін зияны, оның жеке адамға, отбасына және қоғамға тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар зиянды әдеттерден аулақ болу, бос уақытты тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
Іс-шараға Түркістан облысы, Кентау қаласында қызмет атқаратын нарколог-психиатр дәрігер Смайлова Әсем Әділханқызы қатысып, студенттермен ашық пікір алмасты. Маман нашақорлыққа әкелетін негізгі факторларға тоқталып, есірткіге тәуелділіктің алдын алу жолдары мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде пайдалы ақпарат берді.
Сонымен қатар Кентау көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тоева Айнұр сөз сөйлеп, жастар тәрбиесінде салауатты өмір салтын қалыптастырудың және зиянды әдеттердің алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде студенттерді бос уақыттарын тиімді өткізуге, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және қоғамға пайдалы азамат болуға шақырды.
Кездесу соңында студенттерге нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық брошюралар таратылып, қажетті кеңестер берілді. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Нашақорлыққа бірге тосқауыл қояйық!
Салауатты өмір салты – жарқын болашақтың бастауы!



