Tashenev University студенті, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Бейсеева Аружан Елордада өтіп жатқан халықаралық маңызды іс-шара – “Астана” халықаралық форумына қатысуда. Бұл форум қазіргі замандағы ең өзекті жаһандық мәселелерді – экономикалық даму, геосаяси тұрақтылық, климаттың өзгеруі, қауіпсіздік және инклюзивті қоғам құру сынды тақырыптарды талқылауға арналған Еуразия кеңістігіндегі беделді әрі ықпалды диалог алаңдарының бірі болып табылады.
2025 жылғы форум «Connecting minds, shaping the future» – «Ойларды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» деген тақырып аясында ұйымдастырылып отыр. Ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, Руанда Президенті Поль Кагаме, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы, БҰҰ және Дүниежүзілік банк өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен трансұлттық корпорациялардың жетекшілері қатысуда.
Университет студенті ретінде Аружан Бейсеева форумның жастарға арналған арнайы сессияларына қатысып, білім мен көшбасшылық, жаһандық бастамалар мен тұрақты даму салаларындағы мәселелер бойынша халықаралық сарапшылармен пікір алмасуда. Форум алаңында ол жаңа білім мен тәжірибе жинап қана қоймай, шетелдік делегаттармен байланыс орнатуға, түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – жас маманның кәсіби және тұлғалық дамуы үшін зор мүмкіндік.
Аружанның осындай беделді іс-шараға қатысуы – университет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаудың, студенттердің әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Tashenev University жастардың халықаралық деңгейдегі білім мен тәжірибеге қол жеткізуі үшін жағдай жасап, дарынды студенттерді қолдау мен дамытудың нақты үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – тек академиялық біліммен шектелмей, жастарды әлемдік трендтерге бейімдеу, олардың көшбасшылық қабілетін дамытуға арналған стратегиялық бағыттың бір бөлігі.
Аружанға форум аясындағы сессиялар мен кездесулерден тың идеялар мен құнды тәжірибе жинап, оны болашақ кәсіби және ғылыми жолында тиімді пайдалануына тілектеспіз. Біздің студенттеріміздің осындай биік деңгейдегі халықаралық алаңдарда бой көрсетуі – университетіміздің беделі мен әлеуетінің айғағы.