2025 жылғы 17 маусымда Ташенев университетіне Оңтүстік Кореяның Global Korea Center компаниясының делегациясы ресми сапармен келді. Делегацияны компания директоры Хон Джин Сон (Hong Jinsung) бастап келді. Құрамында Чжэсон Че (Jaesung Choi) мен Чонтэ Пак (Jongtae Park) сынды жоғары лауазымды өкілдер болды.
Мақсат – университетпен жан-жақты әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, халықаралық білім беру кеңістігінде өзара тиімді байланысты нығайту. Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылар арасындағы академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, дуалды білім беру бағдарламаларын енгізу бағыттарын кеңінен талқылады. Цифрлық технологиялар, робототехника және жасанды интеллект салалары – екі жақ үшін де негізгі басымдық ретінде қарастырылды.
Global Korea Center директоры Хон Джин Сон өз сөзінде:
«Біз Ташенев университетін тек заманауи білім беру орталығы ретінде ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді әрі стратегиялық серіктес ретінде көреміз. Бұл – біз үшін сенімді әрі болашағы зор әріптестік болады деп сенеміз», – деді.

Делегация сапары аясында университет инфрақұрылымымен, оқу зертханаларымен және IT саласындағы инновациялық орталықтармен танысты. Қонақтар білім беру үдерісінің заманауи талаптарға сай ұйымдастырылғанын, оқу орнының материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ білім алушылардың дайындығы мен мотивациясын ерекше атап өтті.
Университет ректоры Қанат Байболов өз кезегінде:
«Университетіміз халықаралық әріптестікке ерекше назар аударады. Оңтүстік Корея секілді технологиялық тұрғыдан дамыған елмен байланыс орнату – бұл студенттеріміз үшін жаңа білімге, жаңа мүмкіндіктерге және жаһандық интеграцияға жол ашады. Global Korea Center-пен әріптестік – үлкен мүмкіндіктердің бастауы», – деп атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде тараптар бірлескен жазғы мектептер ұйымдастыру, корей тілі мен мәдениеті орталығын ашу, сондай-ақ магистрлік және PhD деңгейіндегі бағдарламаларды үйлестіріп енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
Университет ұжымы мен студенттері бұл кездесуді ерекше ықыласпен қабылдап, Оңтүстік Кореямен орнаған әріптестікті келешектегі үлкен мүмкіндіктердің бастауы ретінде бағалады.