Жаңалықтар Технология

КЕН ҚАЗАТЫН ШАХТА РОБОТТАРЫН ОЙЛАП ТАПТЫ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің физика педагогін даярлау бағытының 2-курс магистранты Ахрор Толаметов — ғылым мен технологияны біліммен ұштастырып жүрген болашағынан үлкен үміт күттіретін жас зерттеушілердің бірі. Ол адам баласының өмірі үшін аса қауіпті саналатын кен өндіру ісінде заманауи, қауіпсіз және экологиялық тиімді әдістерді қолдануға бағытталған шахта роботтарының жаңа үлгісін жасап шығарды.

Магистранттың жобасы көмір, металл және басқа да пайдалы қазбалар өндіретін кен орындарындағы қауіптілікті азайтып, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуды мақсат етеді. Роботтар жасанды интеллект көмегімен жер қойнауын 3D форматта картаға түсіріп, қажетті ақпаратты талдай отырып жұмыс істейді. Олар лазерлік және ультрадыбыстық жүйелер арқылы кенді өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғылардың артықшылықтарының бірі — тәулік бойы үздіксіз, автономды түрде жұмыс істей алу қабілеті. Сонымен қатар, роботтар өндіріс кезінде пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеп, табиғатқа зиянын барынша азайтады.

Озық ойлы магистранттың айтуынша, бұл құрылғыларды тек дәстүрлі шахталарда ғана емес, жер асты кеңістігі, теңіз түбі, тіпті болашақта ғарыштағы пайдалы қазбаларды игеру бағытында да қолдануға болады. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, бұл роботтар өндірістегі шығынды азайтып, жаңа ресурстарға қол жеткізуге сеп болады. Мұндай жобалар өндіріс процесін автоматтандырып қана қоймай, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Ахрор Толаметов бұл жобаны педагогикадағы STEAM тәсілі арқылы жүзеге асырды. Яғни, ғылым (Science), технология (Technology), инженерия (Engineering), өнер (Art) және математика (Mathematics) бағыттарын өзара біріктіре отырып, болашақта физика пәнінен сабақ беретін маман ретінде теорияны тәжірибемен ұштастырған. Бұл оның болашақ ұстаз ретіндегі жаңашыл көзқарасы мен ізденімпаздығын дәлелдейді.

Университет ұжымы Ахрордың бұл жобасын үлкен қолдаумен қарсы алып, оны ғылыми-зерттеу бағытында әрі қарай дамытып, нақты өндірістік ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік беруге ниетті.

Ахрор Толаметовтың бұл жетістігі — университет қабырғасында жүрген студенттер мен магистранттардың білімді тек меңгеріп қана қоймай, оны қоғам игілігіне қызмет ететін нақты жобалармен дәлелдей алатынын көрсететін жарқын мысал.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ЕЛІМІЗБЕН БІРГЕ ЖАСТАР ДА ЖАҢҒЫРУЫ КЕРЕК

Bastynews

Шымкентте ҚХА-ның «Ассамблея. Праламент. Мәслихаттар» жобасы аясында өндіріс озаттары марапатталды

bastynews

АРДАГЕРЛЕР ӨМІР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

bastynews