Орталық Азия Инновациялық университетінің дарынды студенті, “Дене шынықтыру және спорт” білім беру бағдарламасының білім алушысы Әбділхаир Әбілмансұр Қайратұлы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, зор жетістікке қол жеткізді. Ол Гонконг қаласында өткен беделді “St. Joseph Cup” халықаралық шахмат турнирінде қарсыластарынан оза шығып, 1-орынды иеленді.
Бүгін университеттің Бірінші проректоры А.С. Ажидинов чемпионды арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ресми қабылдау барысында проректор студенттің бұл жеңісі тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттыратын маңызды оқиға екенін атап өтті.
Шахмат – ақыл-ойды шыңдайтын, логика мен стратегиялық ойлауды талап ететін зияткерлік спорт түрі. Әбділхаир Әбілмансұр осы ойын түрінде жоғары шеберлік танытып, әлемнің әр түкпірінен келген мықты қарсыластар арасында үздік атанды. Турнирге Азия, Еуропа және Америка құрлығынан жиналған тәжірибелі шахматшылар қатысып, нағыз кәсіби деңгейде тартысты ойын өрбіді. Осындай беделді жарыста топ жару — оның үлкен дайындық пен табандылықтың нәтижесі екенін дәлелдейді.
Айта кету керек, Әбділмансұр университетте 100% жеңілдікпен білім алып жүр. Бұл – оның алдыңғы жетістіктері мен тұрақты дамуға деген ұмтылысының арқасында мүмкін болған. Университет басшылығы талантты жастарды қолдауға, олардың білім мен спорттағы жетістіктерін ынталандыруға ерекше назар аударып келеді. Әбділмансұр – осы қолдауды тиімді пайдаланып, университеттің мақтанышына айналған жастардың бірі.
Шахматтан халықаралық дәрежеде чемпион атанған студентіміздің бұл жетістігі – тек университет қабырғасында ғана емес, республика деңгейінде де жоғары бағалануы тиіс. Оның жеңісі – бүгінгі қазақ жастарының зияткерлік әлеуеті зор екенін айқын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, бұл басқа студенттерге де үлгі болып, ғылым мен спортта, өнер мен білімде алға ұмтылуға үлкен мотивация береді.
Орталық Азия Инновациялық университеті біліммен қатар спортты да қатар дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Әрбір студенттің дарыны мен қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беріп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барынша жағдай жасауда. Университетіміз осындай халықаралық додаларда топ жарған дарынды жастарымен әрдайым мақтанады және болашақ чемпиондарға сенім артады.