Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен робототехника – ғылым мен техникадағы басты трендтерге айналды. Осы салада дарынды жастарды ерте бастан анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында Шымкент университетінде «Жасанды интеллект – заманауи ақпараттық технологиялардың негізі» атты Республикалық жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасындағы спорттық робототехникадан өңірлік чемпионат (олимпиада) жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – мектеп оқушыларының техникалық шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ кәсіби бағыт-бағдарын нақтылауға көмектесу.
Чемпионатты ұйымдастыру мен үйлестіру Шымкент университеті ректорының арнайы бұйрығы негізінде құрылған ұйымдастыру комитетінің бақылауымен жүзеге асты. Комитет құрамына университет басшылығы, профильді кафедра меңгерушілері, әдістемелік орталық мамандары және «ROBOTURKESTAN – Түркістан облысы білім беру және спорттық робототехника федерациясы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері енді. Ұйымдастырушылардың кәсіби үйлесімді жұмысы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
Чемпионат бірнеше негізгі категориялар бойынша өтті:
- «Шығармашылық робо-жоба» (Creative RoboProject) – бұл номинацияда оқушылар өздері құрастырған және бағдарламалаған роботтарын таныстырып, олардың қолдану аясын, техникалық ерекшеліктерін және жаңашылдығын түсіндірді. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, инновациялық деңгейіне және презентация сапасына назар аударды.
- «Тосын сый» роботтар жарысы – қатысушылар берілген уақыт ішінде бұрын таныс емес тапсырмаларды орындау үшін роботтарын бейімдеуге тиіс болды. Бұл кезең оқушылардың логикалық ойлауын, шапшаң шешім қабылдауын және бағдарламалау дағдыларын сынады.
- «Робо-сумо» жарысы – бұл бәсекеде роботтар аренада бір-бірімен күш сынасып, қарсыласын алаңнан шығарып жіберуге тырысты. Күш пен ептілік қатар сыналатын бұл санат көрермендер үшін аса қызықты әрі тартысты өтті.
Чемпионатқа Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірнеше аудандарынан келген 40-тан астам мектептің 100-ге жуық оқушысы қатысты.
«Жасанды интеллект – бұл болашақ емес, бүгінгі күннің шындығы. Ал осы шындықты түсініп, оны меңгеруге ұмтылған жас буын – елдің нағыз стратегиялық капиталы» – деп қорытындылады ұйымдастырушылар.