Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттердің кәсіби дағдыларын халықаралық деңгейде тану үшін жаңа жүйе енгізілуде. Бұл бастама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асып, студенттерге өз білімін тек ел ішінде ғана емес, шетелде де дәлелдеуге мүмкіндік бермек.
Аталған жүйе Certiport халықаралық платформасы негізінде іске қосылды. Certiport – цифрлық технологиялар мен кеңсе бағдарламалары саласында кәсіби сертификаттауға бағытталған әлемге танымал платформа. Ол Ұлыбританиялық Pearson білім беру компаниясының құрамына кіреді және әлемнің 152 елінде мойындалған. Certiport арқылы алынған сертификаттар АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Австралия және Таяу Шығыс елдеріндегі жұмыс берушілер мен оқу орындарында жоғары бағаланады.
Қазақстандағы алғашқы ресми тестілеу орталығы – Certiport Authorized Testing Center (CATC) – «Talap» КЕАҚ базасында ашылып, қазіргі таңда бұл жоба пилоттық режимде еліміздің бес колледжінде жүзеге асырылуда. Халықаралық сертификаттау жүйесі студенттердің нақты кәсіби дағдыларын халықаралық стандарттар бойынша бағалап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл – еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бастама.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетовтың айтуынша, қазіргі таңда колледж түлектеріне тек диплом алу жеткіліксіз. Нақты кәсіби дағдыларын халықаралық деңгейде растай алатын құжат – олардың еңбек нарығындағы табысты мансабына жол ашатын басты құрал. Халықаралық сертификаттау жүйесі осы сұранысты қанағаттандыруға бағытталған.
Пилоттық жобаның алғашқы емтихан сессиясы ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжінің базасында өтті. Бұл емтихан нәтижесінде төрт студент халықаралық деңгейде өз құзыреттілігін дәлелдеп, арнайы сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында киберқауіпсіздік саласындағы IT-мамандар Дмитрий Карпюк, Арсений Цыплаков, Рашид Хисматуллин және JavaScript бағдарламалауы бойынша маман Әдемі Қабдолла бар.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – колледж студенттерінің білімі мен дағдыларын халықаралық деңгейде мойындату арқылы олардың шетелдік тағылымдамалар мен жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту. Бұл қадам Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беруді жаңа сапалық деңгейге көтеріп, отандық мамандарды жаһандық еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған нақты әрі маңызды бастама болып отыр.