Басты жаңалықтар Қоғам

ӨМІРБАЙ БЕРГЕЙ – ӘЛЕМНІҢ 47 УНИВЕРСИТЕТІНЕН ШАҚЫРТУ АЛҒАН ШЫМКЕНТТІК ТҮЛЕК

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты “Жалын” жекеменшік мектебінің 11-сынып түлегі Өмірбай Бергей – 2024–2025 оқу жылының ең үздік, халықаралық деңгейде танылған түлектерінің бірі. Ол әлемнің әр қиырындағы 47 беделді университеттен «Қаржы» мамандығы бойынша ресми шақырту алып, еліміздің білімді жас буынының биік әлеуетін көрсетті.

Бергейге жолдама жолдаған университеттер қатарында АҚШ, Канада, Еуропа, Азия және Малайзия елдерінің танымал жоғары оқу орындары бар. Атап айтқанда: Guilford College, DePaul University, Rowan University, LaSalle University, Hampshire College, Lewis University, Alfred University, Valparaiso University, Drexel University, Montclair State University, Loyola University New Orleans, University of Mount Union, Duquesne University, Southern New Hampshire University, Wingate University, CU Boulder University, Xiamen University (Малайзия) және т.б. әлемдік деңгейдегі университеттер Бергейге грант және шәкіртақымен оқуға ұсыныс білдірген. Барлық шақыртулардың жалпы стипендиялық құны – 979 000 АҚШ долларын құрайды.

Бергейдің сүйікті пәндері – математика мен ағылшын тілі. Бұл пәндер қаржы саласына бет бұрған жас түлек үшін логикалық ойлау, талдау қабілетін дамыту мен коммуникативтік машықтарды қалыптастыруда шешуші рөл атқарған. Сонымен қатар, ол қытай және түрік тілдерін еркін меңгеріп, көпмәдениетті ортада жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетіп отыр.

Оқушы түрлі ғылыми жобаларға, әлемдік олимпиадаларға, волонтерлік және көшбасшылық бағдарламаларға қатысқан. Өзінің білімінен бөлек, Бергей әрдайым қоғамға пайдалы болуға, түрлі бастамаларға белсенді араласуға ұмтылған. Бұл оның жан-жақты дамыған тұлға екенін дәлелдейді.

«Бұл жетістікке жету жолында мектебімнің, ұстаздарымның және кәсіби бағдар беруші мамандардың қолдауы шешуші рөл атқарды. Мен әрқашан қолдау білдірген ата-анама және білім берген ұстаздарыма алғыс айтамын. Армандар орындалады, егер сен мақсат қойып, оған табанды еңбектенсең», – дейді Бергей.

Қазіргі уақытта Бергей өзі таңдаған оқу орындарының ішінен академиялық бағдарламасы, халықаралық тағылымдама мүмкіндіктері және болашақ мансаптық артықшылықтары бойынша ең қолайлы университетті сараптап, шешім қабылдау үстінде.

Өмірбай Бергейдің жолы – білімге құштарлық пен табандылықтың жеңісі. Ол – ел ертеңінің айқын бейнесі. Оның жетістігі – болашақта еліміздің экономикасы мен қаржы саласына білікті маман ретінде қосар үлкен үлестің алғашқы қадамы.

Қатысты жаңалықтар

«Tik Tok» қосымшасына қашан тыйым салынатыны белгілі болды

Bastynews

«Пайғамбар аян берді»: Қазығұртта пирамида салып жатыр

Bastynews

БІЗ ӨЗ ТАҢДАУЫМЫЗДЫ ЖАСАДЫҚ!

bastynews