Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай ерекше іс-шара өтті. Жиын барысында аудан тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен “Желтоқсан оқиғасының” қатысушылары бір шаңырақ астына жиналып, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы күресті еске алды.
Кездесу барысында желтоқсан оқиғасының қатысушылары өздерінің естеліктерімен бөлісіп, еліміздің тәуелсіздікке жету жолының оңай болмағанын айтып, сол кездегі қиын-қыстау кезеңдерді жаңғыртты. Бұл оқиға, әсіресе, Қазақстанның тарихында ерекше орын алады. Желтоқсан көтерілісі – халықтың бостандығы мен еркіндігі жолындағы қасиетті күрестің айқын белгісі болғаны белгілі. Кездесу барысында олар сол кезеңнің қасіреті мен рухын, сол кездегі жастардың елі үшін күрескен ерлігі мен батылдығын ерекше атап өті.
Іс-шара барысында ауданның белсенді азаматтары мен қоғам қайраткерлері арнайы марапаттарға ие болды.
Кездесу барысында аудан мектептері мұғалімдері арасында өткізілген дәстүрлі “Тәуелсіз ел перзентімін!” атты эссе байқауының жеңімпаздары да арнайы құрметке ие болды. Байқау патриоттық сезімді ояту, еліміздің Тәуелсіздігін бағалау және жас ұрпақты елінің тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауға баулу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Жеңімпаздар өздерінің шығармашылық туындыларымен Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, ұлт бірлігін, еліміздің болашағы үшін жастардың рөлін айшықтады.
Бұл кездесудің басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігіне қол жеткізу жолында күрескен азаматтарды еске алу, оларды құрметтеу және Тәуелсіздіктің құндылықтарын жастарға жеткізу болды.
🖊️ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ