Шымкент қаласында білім беру саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында биыл қаладағы 9 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылмақ. Бұл – білім саласына бағытталған маңызды инвестиция ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашатын үлкен мүмкіндік.
«Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – мектептерді тек физикалық тұрғыда жаңарту ғана емес, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы, қауіпсіз, әрі тиімді білім беру ортасын қалыптастыру. Жобаны жүзеге асыру барысында мектептерге жаңа заманауи дизайн енгізіледі, оқу кабинеттері мен зертханалар қайта жабдықталады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру талаптарына сай жағдай жасалады, яғни ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да толыққанды білім алуға мүмкіндік туады.
Жаңартылатын мектептерде оқу кабинеттері, кітапхана, зертханалар, шеберханалар және спорт залдары толық қайта жаңғыртылып, жаңа жиһаздар және оқу құралдарымен жабдықталады.
Жоба тек оқу жылы барысындағы білім берумен шектелмейді. Мектептер жаз мезгілінде де жұмысын жалғастырады. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанынан түрлі спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер және қазіргі сұранысқа ие бағыттардың бірі — STEАM (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) клубтары ашылады. Бұл үйірмелер балалардың тек білімін арттырып қоймай, бос уақытын тиімді өткізуге, дарындарын ашуға, түрлі дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Мысалы, STEАM бағытындағы үйірмелер арқылы балалар робототехника, 3D модельдеу, бағдарламалау, ғылыми жобалармен жұмыс істеу, инженерлік ойлау сияқты бағыттар бойынша машықтана алады. Сонымен қатар көркем сурет, қолөнер, драма, би, домбыра, вокал сияқты өнер бағытындағы үйірмелер де кеңінен ұсынылады. Бұл – жасөспірімдердің тұлғалық дамуына, өзін-өзі танып-білуіне, сенімділігін арттыруға, креативті ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған ауқымды шара.
Жоба аясында тек мектептер ғана емес, педагогтер де жаңа өзгерістерге бейімделіп, жаңаша оқыту тәсілдерін меңгеруде. Мұғалімдер үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, жаңа технологияларды тиімді пайдалануға үйретілуде. Бұл – білім сапасының артуына және заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.