Жаңалықтар Қоғам

АРХЕОЛОГИЯ ТАРИХ ПЕН БОЛАШАҚТЫ ЖАЛҒАЙТЫН УАҚЫТ ЖОЛСЕРІГІ

1991 жылдан бастап дәстүрлі түрде тарих факультетінің I курс студенттерімен археологиялық іс-тәжірибе жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Бұл тәжірибе Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылында орналасқан Күлтөбе қалашығы мен Күлтөбе қорымдарында жүргізіледі. Әр жылғы археологиялық маусым барысында университет студенттерінің қатысуымен табылған тарихи жәдігерлер ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің көрме орталығы мен Мемлекеттік орталық музейге өткізіледі.

2025 жылғы археологиялық маусымда да дәстүр сабақтастығы жалғасын тауып, тәжірибе т.ғ.д., профессор А.Н. Подушкиннің жетекшілігімен ұйымдастырылды. Биыл тарих факультетінен 52 студент археологиялық іс-тәжірибеге қатысып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мүмкіндігіне ие болды. Іс-тәжірибе аясында студенттер профессор А.Н. Подушкиннің арнайы дәрістерін тыңдап, археология ғылымының қыр-сырымен тереңірек танысты.

Ағымдағы жылы университеттің археологиялық жасағына 61 жыл толды. Далалық маусымда студенттердің қатысуымен 10-ға жуық жазба текше фрагменттері мен прото-соғды жазуы бар артефактілер табылды. Сонымен қатар, Күлтөбе қорымындағы №33 және №34 обаларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. №33 обадан жауынгердің қаңқа сүйектері мен онымен бірге қойылған артефактілер – ұзындығы 1 метрлік семсер, қыш және ғұрыптық ыдыстар (түтеткі), қайрақ тас, тоға, пышақ, қанжар, сондай-ақ хиджамада қолданылған медициналық құрал табылды. Сонымен қатар, құрбандық асы мен қамыспен төселген еден құрылымы анықталды. Мүрде жасы шамамен 35-40 жас аралығында болған. Қанжар сабы сүйектен жасалған. №34 обадан қыш ыдыс табылып, қорғанның бірнеше рет тоналғаны анықталды.

Археологиялық тәжірибе барысында Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ арасындағы өзара ынтымақтастық келісім аясында студенттерге арнап жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған жәдігерлер Оңтүстік Қазақстан аумағынан табылып, тас дәуірінен орта ғасырлар кезеңіне дейінгі тарихи уақытты қамтиды.

Іс-тәжірибе барысында студенттер көкейлеріндегі түрлі сұрақтарға жауап алып, археолог мамандығының сабырлық, төзімділік және еңбекқорлықты талап ететінін өз көздерімен көрді. Ұлттық құндылықтарымызды өз қолдарымен ұстап, ежелгі мәдениеттің бір бөлшегімен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәжірибе студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етті.

Археологиялық іс-тәжірибе студенттер үшін естен кетпейтін, тағылымға толы мазмұнды сәттерге айналды.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ COCA-COLA ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН: ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШУДІҢ ТИІМДІ ТҰСЫ КӨП

Bastynews

ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМ: ЖАСТАР КӨЗҚАРАСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

bastynews