Кентау қаласының Жастар ресурстық орталығының ғимаратында ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесі төңірегінде тағылымды да мазмұнды жиын өтті. «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты бұл іс-шара Ардагерлер ұйымы жанындағы «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» бастамасымен ұйымдастырылды. Мақсат – ұлттық тәрбиеге негізделген отбасылық құндылықтарды дәріптеу, аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастықты нығайту.

Іс-шараға қоғамның әр саласынан елге еңбегі сіңген беделді тұлғалар мен білім беру саласының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Раманқұлов Бақытжан, қала әкімінің орынбасары Байболова Ақнұр, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Байтенова Балымхан, қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының міндетін атқарушы Юлдашев Мамыржан, сондай-ақ қалалық «Әжелер алқасының» төрайымы Жұмабаева Роза мен «Әкелер мектебі» төрағасының орынбасары Байменов Ануар басқосуға арнайы келіп, өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, іс-шараға қалалық білім беру бөлімінің әдіскерлері, мектептердегі «Әкелер мектебінің» төрағалары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог-социологтар мен ата-аналар комитетінің төрағалары да қатысты.
Жиын барысында қатысушылар жарыссөзге шығып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер жөнінде баяндамалар жасады. Сұрақ-жауап форматында өткен диалогтар барысында тың идеялар мен нақты ұсыныстар айтылды.

Шараның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту арқылы бала тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғырту болды. Қатысушылар тәрбиенің бастауы отбасынан басталатынын, ата мен әже, әке мен ананың бала өміріндегі рөлін арттыру қажет екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, мұндай форматтағы кездесулер – ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосып, ортақ мүдде жолында бірлесіп жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді. «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты игі бастама алдағы уақытта өзге аудандарда жалғасын табады.