Бүгін Арыс қаласында Түркістан облысы бойынша аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының жұмыс барысына мониторинг жүргізіліп, олардың даму жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.

Келелі басқосуға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының өкілдері, мектеп директорлары мен аудан ардагерлері қатысты.
Жиын барысында сөз алған қатысушылар жастар тәрбиесінің бүгінгі таңда аса маңызды мәселе екенін атап өтті.
– Ертеңгі елдің тұтқасы – бүгінгі жастар. Сондықтан олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл іске әрбір ата-ана, ұстаз, ардагер үн қосуы керек, – деді ардагерлер кеңесінің мүшелері.
Кездесу аясында жас ұрпақ тәрбиесіне тың серпін берудің маңыздылығы сөз болды. Қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің бірлескен жұмысы арқылы тәрбие форматын жаңғыртып, жүректен-жүрекке жететін тәрбиелік қойылымдар ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен бірге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған кешенді бағдарлама қажеттігі де көтерілді.

Жиын соңында әкім аппаратының қызметкерлері барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын жеткізіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.