Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды»деп атап өткен болатын. Бұл – бүгінгі қоғамның құқықтық сана мен қаржылық мәдениетке деген қажеттілігін айқындайтын маңызды ұстаным.

Құқықтық мемлекеттің негізі – құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары азаматтар. Қоғамда заңды білу ғана емес, оны күнделікті өмірде қолдана білу, өз құқығыңды қорғай отырып, өзгелердің де құқығын құрметтеу – құқықтық мәдениеттің басты өлшемі. Осы мақсатта Түркістан облысының түрлі аудандарында тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинар-кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – Ордабасы ауданында ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында өткізілді. Семинарға заңгер Жандос Әзімбай («Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі) және педагог-психолог Шара Абдирахманова қатысып, тыңдаушыларға қаржылық, құқықтық және психологиялық бағыттар бойынша кең ауқымды әрі тәжірибелік мәні зор мәліметтер ұсынды.
Жандос Әзімбай семинар барысында:«Халықтың қаржылық сауаттылығы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Қаржылық жағынан сауатты адам алған несиесін міндетті түрде қайтарады, салық төлеуден жалтармайды. Ал керісінше, қайтарылмаған несиелер пайыздық мөлшерлеменің өсуіне, қаржы нарығының тұрақсыздығына алып келеді. Сондықтан несие аларда мүмкіндігіне сай әрекет ету – қаржылық сауаттылықтың көрсеткіші», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың «Қарызсыз қоғам» жобасын жергілікті деңгейде кеңірек насихаттау қажеттілігі жөніндегі пікіріне тоқталып, ақпараттық жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Психолог Шара Абдирахманова болса, қаржылық сауаттылықтың тек экономикалық емес, психологиялық маңызын да ерекше атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, кәсіби кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Turkistan #AFM #Түркістан #АФМ #Туркестан #Бәйтерек