Төлеби ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және несиелік міндеттемелер бойынша құқықтық көмек көрсетуге бағытталған кешенді кеңес беру жұмыстары өткізілді. Аталған іс-шара еліміздегі экономикалық тұрақтылықты нығайту және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қаржылық білім – жаһандану мен цифрлану дәуірінде әрбір азамат үшін маңызды қажеттілікке айналды. Бұл тек жеке адамның өмір сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар қоғамның қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де кепілі. Осыған орай Кентау қаласында тұрғындарға арналған кең көлемді ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесу барысында келесі маңызды бағыттар қамтылды, қаржы жоспарлаудың тиімді тәсілдері, банк өнімдерін дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану жолдары, несие алу мен өтеу мәдениетін қалыптастыру, қаржылық алаяқтықтан қорғану тетіктері, лудомания (ойынқұмарлық) сынды тәуелділіктердің алдын алу, есеп-шоттардың бұғатталу жағдайында не істеу қажет және оны шешудің нақты жолдары және құқықтық көмек алу және тиісті мекемелерге жүгіну жолдары туралы кеңестер.
Іс-шараға тәжірибелі мамандар – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша жетекшісі Жандос Әзімбай және педагог-психолог Шара Абдирахманова арнайы шақырылып, тұрғындарға қажетті ақпараттармен бөлісті.
“Қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру – ұрпақтың қауіпсіз әрі тұрақты болашағының кепілі. Ақша басқару дағдылары, тұтынушы құқығын білу, түбіртек талап ету сияқты ұсақ көрінетін дағдылар үлкен әлеуметтік өзгерістерге жол аша алады”, – деді қаржы маманы.
– Қаржылық білімнің тапшылығы тек экономикалық емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік мәселелерге де себеп болады. Лудомания, қарызға тәуелділік, қаржылық күйзеліс – мұның барлығы адамның ішкі жан дүниесіне, отбасылық қарым-қатынасына және қоғамдағы орнына кері әсер етеді. Бұл түйткілдердің бастауында – қаржылық сауатсыздық жатыр, – деді психолог Шара Абдирахманова.
Кездесу барысында қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жеке қаржылық жоспар құру, төлем қабілетін бағалау, құқықтық қолдау алу жолдары бойынша нақты және тегін кеңес алды. Сондай-ақ, азаматтарға банк есепшоттарының бұғатталу себептері түсіндіріліп, оларды заңды жолмен босатудың ресми тәртіптері егжей-тегжейлі таныстырылды.
Turkistan #AFM #Түркістан #АФМ #Туркестан #Бәйтерек