Ақпарат Жаңалықтар

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАР ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕ КЕҢІНЕН АҚПАРАТ АЛДЫ

Қаржылық және құқықтық сауаттылық – азаматтың жеке қауіпсіздігі мен өмір сапасының кепілі. Бүгінгі таңда қоғамда туындайтын көптеген әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың негізінде қаржыны тиімді басқару дағдысының жетіспеушілігі мен құқықтық білімнің төмендігі жатыр. Бұл мәселелерді шешудің басты жолы – уақтылы ақпарат беру, тұрғындардың сауатын арттыру және нақты тәжірибелік көмек көрсету.

Осы мақсатта Түркістан облысы, Отырар ауданында «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ауқымды семинар-тренинг өтті. Аталған шара аудан тұрғындарына қаржылық қиындықтарды еңсеру, алаяқтық әрекеттерден қорғану, несие шарттарын түсініп оқу, келісімшартқа қол қояр алдында неге назар аудару керектігі, сондай-ақ банк немесе салық органдары тарапынан есеп-шоттары бұғатталған жағдайда қандай әрекеттер жасау қажет екендігі жөнінде нақты әрі кәсіби кеңес берілді.

Семинарға заңгер Жандос Әзімбай «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысындағы үйлестірушісі мен педагог-психолог Шара Абдирахманова арнайы шақырылып, тұрғындармен ашық әрі еркін форматта сұхбат құрды.

Жандос Әзімбай өз сөзінде: «Қазіргі таңда кез келген азамат қаржылық келісімшарттарға қол қойған кезде оның мазмұнын түсініп, өз міндеті мен құқықтарын нақты білуі тиіс. Есеп-шоттар бұғатталса, оған не себеп болғанын анықтап, құзырлы органдарға тиісті өтініштер мен шағымдарды уақтылы беруге машықтануы қажет. Біз бүгін осындай жағдайлардан шығудың заңды жолдарын түсіндіріп, тұрғындарға нақты алгоритмдер ұсынып отырмыз. Әр азамат өзінің қаржылық және құқықтық қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін түсінуі керек», – деді.

Педагог-психолог Шара Абдирахманова болса, қаржылық сауаттың психологиялық денсаулыққа тікелей әсерін тілге тиек етті:
«Бүгінде несиеге тәуелділік, қарыздардан арылмау мәселесі көптеген отбасыларда дау-дамайға, күйзеліске, өз-өзіне сенімсіздікке алып келіп жатыр. Бұл адамның ішкі күйіне кері әсер етеді. Сондықтан қаржылық білім – тек ақшаны басқару ғана емес, өмірдің сапасын арттыру жолы. Адам өзін сенімді, тұрақты сезіну үшін алдымен өзінің табысын, шығынын, міндеттемелерін сауатты басқара білуі керек», – деді.

Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайларына қатысты кәсіби кеңестер алды. Сондай-ақ заңгер тарапынан банктерге немесе салық органдарына берілетін өтініштердің үлгілері, шағым жолдау тәртібі, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан көмек сұрау механизмдері туралы толық ақпарат берілді.

Turkistan #AFM #Түркістан #АФМ #Туркестан #Бәйтерек

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ШАҒЫН ЦЕХТАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Bastynews

Әлеуметтік мемлекеттің патерналистік моделі

Bastynews

ҰБТ-да мұғалім талапкерге тест сұрақтарына көмектескен (видео)

Bastynews