2026 жылғы 25 қарашада Шымкент қаласында жастар арасында цифрлық технологияларды дамытуға, инновациялық бастамаларды қолдауға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Цифрлық серпін – 2026» фестивалі ұйымдастырылады.
Іс-шараны Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» өткізеді.
Фестивальдің мақсаты – жастардың ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіру, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру, сондай-ақ инновациялық жобалар мен стартап бастамаларды қолдауға ықпал ету.
Фестиваль бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, қатысушыларға Robot Zone, AI Zone, Creative және Startup көрме алаңдарында заманауи технологиялық әзірлемелер мен инновациялық жобалар таныстырылады. Сонымен қатар «DIGITAL IQ» интеллектуалдық куизі өткізіліп, «AI TALKS» пікірталас алаңында жасанды интеллекттің даму үрдістері мен оны түрлі салаларда қолдану мүмкіндіктері талқыланады.
Сондай-ақ фестиваль аясында «DIGITAL PROJECT» стартап жобалар байқауы өтеді. Байқау қатысушылары Smart City, EdTech және AI Solutions бағыттары бойынша әзірлеген жобаларын таныстырып, сарапшылар алқасының алдында қорғайды. Нәтижесінде үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталады.
Аталған фестиваль жастардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға, тәжірибе алмасуына және технологиялық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.
Өтетін күні: 2026 жылғы 25 қараша
Басталу уақыты: сағат 10:00
Өтетін орны: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті
Мекенжайы: Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5.
Фестивальге қатысу және іс-шара ережелерімен танысу мәселелері бойынша 8 706 712 34 52 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Ұйымдастырушылар цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларға қызығушылық танытқан жастарды фестивальге белсенді қатысуға шақырады.
