Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданында «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шара өтті.
Аталған акцияның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін дамыту, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және игі істерімен көпшілікке үлгі болып жүрген азаматтардың бастамаларын кеңінен насихаттау.
Шара аясында қайырымдылық жасап, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың игі істерін дәріптейтін тақырыптық материалдар ұсынылды. Сонымен қатар ерекше балалардың өмірі мен шығармашылығын танытатын фотокөрме ұйымдастырылып, олардың өнері мен таланты көпшілік назарына ұсынылды.
Мұндай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор. Себебі қайырымдылық – тек материалдық көмек көрсету ғана емес, ол – жанашырлықтың, адамгершіліктің және өзгеге деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Біреуге қолдау білдіру, мұқтаж жанға демеу болу, ерекше балаларға сенім мен қуаныш сыйлау – баршаға ортақ адамзаттық құндылық.
«Қайырымды іс – жан азығы» акциясы арқылы қоғамдағы өзара қолдау мен ынтымақтастықты нығайтуға, азаматтарды ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтарды кеңінен дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді.
Жақсылық жасау – адамның жүрегін байытып, өзгеге үміт сыйлайтын асыл қасиет. Әрбір игі іс – қоғамның рухани дамуына қосылған үлес, ал мейірім мен қамқорлық – адамзаттың ең биік құндылығы.
Жоба аясындағы қайырымдылыққа бағытталған игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, қолдау мен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылатын болады.
