Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Шардара ауданында «Қайырымды іс – жан азығы» акциясы аясында мейірім мен ізгілікті насихаттауға бағытталған әлеуметтік шара өтті.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғам мүшелерін бір-біріне қолдау көрсетуге үндеп, ерекше балалар мен олардың отбасыларына деген жанашырлықты арттыру. Сонымен қатар қайырымдылықты өмір салтына айналдырып, өзгеге көмек көрсетіп жүрген азаматтардың игі істерін көпшілікке үлгі ету көзделді.
Шара барысында өңірдегі қайырымдылық бастамаларға белсенді атсалысып жүрген азаматтардың еңбегі таныстырылып, олардың қоғамға көрсетіп отырған қолдауы кеңінен насихатталды. Ерекше балалардың шығармашылық қабілеттерін, жетістіктері мен өміріндегі жарқын сәттерді бейнелейтін фотокөрме де көпшілік назарына ұсынылды.
Адамға қуаныш сыйлау үшін үлкен мүмкіндік немесе ерекше жағдай қажет емес. Кейде шынайы көңіл бөлу, жылы лебіз білдіру, қолдау көрсету секілді қарапайым әрекеттердің өзі жанға медеу болады. Осындай ізгі ниетке негізделген бастамалар қоғамдағы мейірім мен өзара түсіністікті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Қайырымды іс – жан азығы» акциясы – жақсылықты насихаттап қана қоймай, әр азаматты айналасына жанашыр болуға, қолдауға мұқтаж жандардың жанынан табылуға шақыратын маңызды әлеуметтік жоба.
Жақсылықтың бағасы – оның көлемінде емес, жүректен шыққан ниетінде. Бір адамның мейірімі екінші адамға үміт сыйлап, қоғамға жылу береді.
Акция аясындағы жұмыстар жыл бойы жалғасып, қайырымдылық пен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған игі бастамалар алдағы уақытта да жүзеге асырылатын болады.


