Шымкент жастар театры Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай көрермен назарына «Ұлыстың ұлы күні» атты этно-фольклорлық сахналық қойылымды ұсынады. Бұл қойылым қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуге, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге бағытталған мерекелік сахналық туынды болып табылады.
Сонымен қатар, Шымкент жастар театры №17, №18, №38, №24 және №45 білім беру мекемелерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Аталған білім мекемелерімен бірлесіп жастардың рухани-мәдени дамуын арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және театр өнеріне қызығушылықтарын қалыптастыру мақсатында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, театрландырылған қойылымдар, кездесулер мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылып келеді.
Бұл ынтымақтастық аясында оқушылар театр өмірімен жақын танысып, сахна мәдениеті мен актерлік шеберлік туралы мағлұмат алып, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік алуда. Сонымен қатар театр ұжымы жас буынның эстетикалық тәрбиесіне үлес қосып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қойылым желісінде табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жандануы, Күн мен Түннің теңелуі, жаңа жылдың келуі көркем бейнелер мен әсерлі сахналық көріністер арқылы көрсетіледі. Қазақ халқының дүниетанымы мен мифологиялық танымына негізделген кейіпкерлер – Ұмай Ана, Қызыр Баба, Бақсы, От Бикеш, Ақпан-Тоқпан – сахнада ерекше орын алып, балаларды жақсылыққа, бірлікке, мейірім мен ізгілікке үндейді.
Сахналық қойылым барысында ұлттық әндер мен билер, тақпақтар, халық ойындары мен жұмбақтар кеңінен қолданылып, балалардың белсенді қатысуына мүмкіндік жасалады. Бұл өз кезегінде олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар қойылымда қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері – бата беру, отқа май құю, ұлттық ойындар, үлкенге құрмет көрсету сияқты тәрбиелік мәні зор көріністер қамтылған.

«Ұлыстың ұлы күні» қойылымы мектеп оқушыларына тәрбиеленушілеріне арналған. Қойылым Наурыз мерекесіне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мерекелік бағдарламалар аясында көрсетуге өте қолайлы.
Шымкент жастар театрының бұл шығармашылық жобасының басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге және рухани құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, сондай-ақ Наурыз мейрамының мәні мен маңызын кеңінен насихаттау.
Көктемнің шуақты мерекесі – Наурыздың рухын жеткізетін бұл қойылым көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық дәстүрдің терең тамырын сезінуге мүмкіндік береді.
