Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛУДА

Түркістан облысында кәсіпкерлер мен жаңа кәсіп бастаушыларға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шара облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің жетекшілігімен құрылған жұмысшы топ құрамына Кәсіпкерлік және сауда басқармасы, «Даму» қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ырыс» МҚҰ өкілдері енді. Олар аудан-қалаларды аралап, кәсіпкерлерге жаңа қаржыландыру мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіруде.

Биыл іске қосылған «Өрлеу», «Даму кепілдік қоры – 1» және «Даму кепілдік қоры – 2» бағдарламалары кәсіпкерлер үшін тиімді шарттар ұсынып отыр. Мәселен, «Өрлеу» аясында бизнес иелері 10 жылға дейін 12,6%-бен 7 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Ал «Даму кепілдік қоры» жобалардың 85%-ына дейін қаржылық кепілдік беруді қарастырады, бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне несие алу процесін жеңілдетеді.

Облыстық әкімдіктің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері «Бірыңғай кешенді бағдарлама» және «Өрлеу» шеңберінде 181 жобаға жалпы 26,7 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген. Бұл көрсеткіш өңірлік кәсіпкерлікті қолдауда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді.

Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Созақ, Бәйдібек аудандарында және Кентау қаласында өтті. Шара барысында кәсіпкерлерге бағдарламалардың шарттары, несие мөлшері, төлем мерзімі, пайыздық ставкасы, сондай-ақ қаржылық кепілдікті алу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қалған өңірлерде насихаттау шаралары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып, барлық кәсіпкерлерге қаржылық мүмкіндіктер туралы ақпарат жеткізіледі.

Жеңілдетілген несие бағдарламалары кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлік экономиканы жандандыруға, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастамалар инвесторлар үшін сенімді ортаны қалыптастырып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі мен қаржы институттары кәсіпкерлермен тұрақты кері байланыс орнатып, олардың сұрақтарына жедел жауап беріп, жобаларды жүзеге асырудағы кедергілерді азайтуға жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл іс-шаралар өңірде кәсіпкерліктің дамуын жеделдетіп, жаңа бизнестік идеяларды жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Қатысты жаңалықтар

Карантиге қарамай той өткізген Қуандық Рахым жазаға тартылатын болды

Bastynews

2025 ЖЫЛҒЫ ҚАҢТАР–ҚЫРКҮЙЕК ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАЙҚАЛДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ РЕСПУБЛИКАДА ТОП ЖАРДЫ

bastynews