Шымкент қаласында экологиялық қауіпсіздік пен инфрақұрылымдық мәселелер тұрақты бақылауда. Осы ретте «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экология мәселелері жөніндегі кеңестің Тоғыс тұрғын алабында көшпелі отырысы өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңес төрағасы Жеңісбек Тұрғанов, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов, Төтенше жағдайлар департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Огай Сергей, Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ирисмат Махмудов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет, «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков және кеңес мүшелері қатысты.

Кездесу барысында аталған аумақтан ағып өтетін Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары талқыланды. Жуырда ғана әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жаңадан салынған бөгеттің жарамсыз күйге түскені және өзен жағалауында орналасқан тұрғын үйлерге қауіп төндіріп отырғаны туралы ақпарат жарияланып, қоғамда алаңдаушылық тудырған еді.
Сала мамандарының мәліметінше, бейнежазбада айтылғандай жаңа нысан емес, бұл дамба 2010 жылдары, яғни шамамен 15 жыл бұрын салынған. Қазіргі таңда бұл аумақ Еңбекші ауданының қарауына кіреді.
Мұрат Абдрахмановтың айтуынша, мәселе бақылауда.
«Бұл – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы кезеңінде салынған дамба. Қазіргі таңда Бадам өзенінің бойындағы 3,3 шақырым аумақты нығайту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Енді оны мемлекеттік бюджетке ұсыну жоспарлануда», – деді ол.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қазіргі уақытта өзен жағдайы тұрғындарға тікелей қауіп төндіріп тұрмағанын жеткізді. Дегенмен, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде Ербол Байқонысов мәселені созбалаңға салмай, жедел шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Бұл мәселеге мәслихат депутаттарының назарын аударып, нақты шешім қабылдау керек. Қазір тікелей қауіп болмаса да, алдағы уақытта түрлі табиғи факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын күшейту маңызды», – деді ол.
Айта кету керек, Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2024 жылы өзеннің 9 шақырым аумағы бекітілсе, 2025 жылы тағы 5,3 шақырым жерге нығайту жұмыстары атқарылған.
Экологиялық кеңестің көшпелі отырысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту бағытындағы жұмыстарды үйлестіруге арналды. Жиын қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, жауапты мекемелерге жолданатын болды.
