ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған жұмыс тобы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласына жасаған ресми жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Зиярат барысында мәртебелі меймандар қазақ даласында ислам өркениетінің орнығуына, түркі халықтарының рухани тұтастығына айрықша үлес қосқан ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Елдеріміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығы, халықтардың амандығы, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтардың сақталуы үшін ақ тілектерін арнады.
Қасиетті орынға жасалған бұл тағзым Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-рухани байланыстардың тереңдігін, ортақ құндылықтар мен мәдени мұраға деген құрметтің жоғары деңгейін айқындады. Қонақтар Ясауи кесенесінің тарихи маңызы, сәулеттік ерекшелігі және оның түркі өркениетіндегі орны жөнінде мазмұнды ақпарат алып, кешен аумағындағы музейлік экспозициялармен танысты.
Ресми іссапар аясында Өзбекстан Республикасының делегациясы Түркістан қаласындағы туристік және мәдени нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, туристік инфрақұрылымының жай-күйімен танысты. Сонымен қатар тараптар су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану, трансшекаралық өзендер бойынша бірлескен басқару тетіктерін жетілдіру, ирригация және мелиорация саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұл бағыттағы келіссөздер екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, әлемдік деңгейде танылған тарихи-рухани кешен. Ол түркі халықтарының рухани орталығы әрі мәдени мұрасының алтын діңгегі саналады. Соңғы жылдары кесенеге келетін отандық және шетелдік туристер мен зияратшылар саны жыл сайын артып келеді.
Былтыр арнайы заң қабылданып, Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл шешім шаһардың тарихи келбетін сақтау мен жаңғыртуға, туризмді дамытуға, халықаралық мәдени және рухани орталық ретінде қалыптасуына тың серпін берді. Түркістанды дамытуға бағытталған кешенді бастамалар алдағы уақытта өңірдің ғана емес, тұтас түркі әлемінің рухани жаңғыруына қызмет етпек.
