Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Жұлдыз (жаңа құрылыс аумағы) және Жалын тұрғын алаптарында табиғи газ беру рәсіміне қатысып, жергілікті халықпен жүздесті.
Газдандыру жұмыстары өткен жылдың тамыз айында өткен көшпелі кездесулерде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде басталған. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме белгіленген мерзім ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтады.

Жобаның нәтижесі:
• Жұлдыз шағынауданында – 834 абонент,
• Жалын шағынауданында – 566 абонент
табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы ұзындығы 33,4 шақырым жаңа газ құбыры тартылды. Бұл екі тұрғын алапты толыққанды орталықтандырылған газ жүйесіне қосып, қатты отынға тәуелділікті азайтуға және экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.
Салтанатты шарада қала әкімі тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, олардың тұрмыстық жағдайының жақсаруы – қаланың даму жоспарының басты мақсаты екенін атап өтті. Сондай-ақ, мердігер ұйымдарға сапалы және уақтылы атқарған еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
– «Бүгінгі игі іс – қала тұрғындарының ұзақ жылдар бойы күткен қуанышы. Табиғи газға қол жеткізу тек тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, денсаулық пен қауіпсіздік тұрғысынан да тиімді. Біз алдағы уақытта да қаланың барлық аумағын кезең-кезеңімен газдандыруға күш саламыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Газға қосылу тәртібі:
Азаматтар алдымен техникалық шарттарды алу үшін өтініш беруі тиіс. Бұл қызметті:
• «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы;
• немесе www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн рәсімдеуге болады.
Газдандыру – Шымкент қаласының 2025–2027 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жоспарының басым бағыттарының бірі. Жыл соңына дейін тағы бірнеше шағынаудан мен елді мекендерді газбен қамту жоспарланып отыр.
Анықтама үшін:
• Шымкент қаласында газдандыру деңгейі қазіргі таңда 94%-дан асты.
• 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 96%-ға жеткізу көзделген.
• 2024 жылы қалада жалпы ұзындығы 120 шақырымнан астам жаңа газ желісі салынды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі