Арыс қаласында жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік аймақтың құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өндірістік аумақта әрқайсысының көлемі 480 шаршы метрді құрайтын 6 өндірістік ғимарат бой көтеруде. Нысандардағы құрылыс барысымен қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы танысып, жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдерінен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат алды. Сапар барысында қала басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын тапсырды.
Өндірістік аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, электр желілері толық тартылып, кәріз жүйесі мен ауызсу ұңғымасы дайын. Қазіргі таңда табиғи газ желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісін дамыту, түйе сүтін терең өңдеу, сондай-ақ табиғи газды есептегіш құралдар шығару бағытындағы бес инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Аталған жобалар толық іске қосылған жағдайда 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қала әкімі жұмыс сапары барысында жеке инвестор есебінен салынып жатқан логистикалық орталықтың құрылыс алаңында да болды. Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын бұл нысан теміржол тұйығымен толық қамтылған. Жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы ауыр жүк көліктері сатып алынып, логистикалық қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейтілуде. Қайсар Маңқараев аталған жобаның өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, инвесторларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар қала әкімі «Coca-Cola» компаниясының ресми өкілі болып табылатын «BADAM DRINKS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің транспорттық-логистикалық орталығында болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын теміржол тұйығымен қамтылған. Қазіргі таңда орталықта 60-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Аталған логистикалық орталық Арыс қаласымен қатар Ордабасы және Бәйдібек аудандарына өнім жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асырып, өңірдің сауда-логистикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосуда.
Жалпы, Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар шаһардың өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.
