Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып танысты. Іссапар барысында аудан басшысы құрылыс алаңындағы жұмыс барысын көріп, жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерінен атқарылып жатқан жұмыстар туралы нақты ақпарат алды. Кездесу кезінде нысан құрылысының белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы, құрылыс жұмыстарының қолданыстағы стандарттар мен техникалық талаптарға толық сай жүргізілуі қажеттігі қатаң ескертілді.
Қазіргі таңда құрылыс нысанында іргетас құю жұмыстары толық аяқталып, ғимараттың негізгі қаңқасын көтеруге дайындық жүргізілуде. Атап айтқанда, кірпіш қалау жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып, бетон бағаналарын құюға қажетті материалдар жеткізілген. Сонымен қатар инженерлік желілерді тартуға қатысты дайындық жұмыстары да қатар атқарылуда.
Құрылыс алаңында еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылып отыр. Барлық жұмысшылар арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген, ал құрылыс процесі техникалық қадағалау қызметі мен тиісті сала мамандарының тұрақты бақылауында. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының сапалы әрі қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Құрылыс жұмыстарын «Bold Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба аясында вокзал ғимараты толық жаңартылып, жолаушыларға арналған кең күту залдары, билет кассалары, ақпараттық тақталар, санитарлық тораптар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру көзделген.
Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыру, автотұрақтар салу, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жасыл аймақтарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба толық іске асырылғаннан кейін «Сарыағаш» теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсететін заманауи инфрақұрылым нысанына айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізбек.
