Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында ел тарихы мен рухани құндылықтарының маңызын атап өтіп, құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу қажеттігін ерекше тапсырды. Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда облысындағы Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзен аумағынан жалпы саны 17 мыңға жуық петроглиф тапқанын айтып, мұндай бірегей тарихи-мәдени нысандарды халықаралық деңгейде қорғауға алудың маңыздылығына тоқталды.
Осы тапсырма аясында Түркістан облысында ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізу және оларды сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын. Қазіргі таңда бұл бірегей тарихи ескерткіштің сақталу жай-күйі мемлекет тарапынан тұрақты бақылауға алынған.
▪️Кесененің техникалық және тарихи жай-күйін кешенді зерттеу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің үйлестіруімен тиісті ғылыми-зерттеу және мониторингтік жұмыстар 2023 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл жұмыстар тарихи нысанды болашақ ұрпаққа сақтап қалуға, сондай-ақ халықаралық талаптарға сай қорғау шараларын күшейтуге бағытталған.
▪️Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында орналасқан «Күлтөбе» қалашығын абаттандыру жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы «Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» конвенциясының талаптарына сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетімен келісу арқылы жүзеге асырылуда.
▪️Түркістан облысы аумағында тарихи кезеңдерден сыр шертетін таңбалы тастар мен петроглифтер кеңінен шоғырланған. Солардың бірі – Созақ ауданында орналасқан Арпаөзен петроглифтері. 2023 жылы бұл аумақта ауқымды археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Арпаөзен археологиялық кешенін арнайы қорғауға алу шаралары қолға алынды.
▪️Арпаөзен петроглифтерін қорғау жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ескерткіштердің ғылыми құжаттамасы жасалып, олардың сақталу деңгейі анықталса, екінші кезеңде қорғау аймағын белгілеу, инфрақұрылымын жетілдіру және туристік әлеуетін дамыту шаралары жүзеге асырылуда.
▪️Айта кетейік, 2021 жылы «Арпаөзен» петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінің алдын ала (Tentative List) тізіміне енгізілген. Ал 2025 жылы Арпаөзен археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізіліп, оның құқықтық қорғалу мәртебесі айтарлықтай күшейтілді.
▪️Бұдан бөлек, Түркістан облысында туристер көп шоғырланатын ортағасырлық Сауран, Отырар және Күлтөбе қалашықтарын «Ұлы Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» атты трансұлттық аталым аясында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, сондай-ақ мәдени туризмді дамытуға тың серпін бермек.
