Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 25 қазан – Республика күніне орай «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы жоғары деңгейде өтті.
Аталған шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен Түркістан қаласындағы «Жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы бірлесе ұйымдастырды. Ұлттық өнерді дәріптеген шараға Назарбаев Зияткерлік мектебінің 150-ге жуық оқушысы мен этнос жастары қатысты. Олар киелі қара домбыраны қолға алып, ұлттық өнердің қуатын көпшілікке сезіндірді, сахна төрінде отаншылдық рухты паш етті.
Жас домбырашылар көрермен назарына «Нәр ағашы», «Келіншек», «Жастар биі», Құрманғазының «Балбырауын», «Ер Тұран» және Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» сияқты қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, рухани қуат сыйлады. Көрермендер домбыра үніне әуестік танытып, жастардың өнеріне жоғары баға берді.
Шара барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов пен Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдын Тусупжанов сөз сөйлеп, ел бірлігін нығайту, қазақ мәдениетінің дәстүрлерін сақтау мен дамыту маңыздылығына тоқталды. Олар жастарға ұлттық өнерді дәріптеудің маңызы мен оның тұлғаның рухани дамуына қосар үлесін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, флешмоб барысында қатысушыларға домбыраның тарихы, күйлердің шығу тарихы мен халықтың мәдени мұрасы туралы қысқаша ақпарат беріліп, оқушылардың өнерге қызығушылығы артты. Кішігірім мастер-класстар арқылы әр оқушы домбыраны қолданып, өз қолынан шыққан әуенмен сахнада өнер көрсетті.
Домбыраның үні – халқымыздың жүрегі, рухымыздың айнасы. Бүгінгі шара ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақ бойында елге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді одан әрі нығайтты. Флешмоб арқылы балалар мен жастар ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, қазақ музыкасының бай мұрасын сезінуге мүмкіндік алды.
Шара соңында қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, концерттік бағдарламаға арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Осылайша, «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобы – жастардың патриоттық тәрбиесін қалыптастырып, ұлттық мәдени мұраны насихаттау бағытындағы маңызды мәдени іс-шараға айналды.
