Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор диқандары қаңтар айындағы қолайсыз ауа райына қарамастан көктемгі егіс жұмыстарын ерте бастап кетті. Атап айтқанда, аудан шаруалары қазіргі таңда 25 гектар егістік алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылын егіп үлгерді. Биыл жалпы ауданда 1200 гектарға жуық жерге қырыққабат отырғызу жоспарланып отыр.
Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригада жұмылдырылып, дала жұмыстары қызу жүргізілуде. Егіс жұмыстарын алғашқы болып бастаған қожалықтардың бірі – «Елман» шаруа қожалығы.
Елман Әлиевтің басшылығындағы аталған шаруашылықтың иелігінде 3,2 гектар жер бар. Соның барлығына қырыққабат дақылы егілуде. Құрамында 50 адамнан тұратын бригада қаңтардың әрбір күнін тиімді пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан тынымсыз еңбек етуде.
– Жұмысшыларға күніне 6 мың теңгеден еңбек ақы төленуде. Негізінен еккен өніміміз 2 айдың көлемінде толық пісіп жетіледі. Егілген көшеттердің үсті арнайы жапқыш материалдармен жабылып, ауа райының қолайсыздығынан қорғалады. Бұл өнімнің сапалы әрі мол шығуына оң әсерін тигізеді. Ең бастысы – күтіп-баптау жұмыстарына ерекше мән беру қажет. Ерте еккеннің басты артықшылығы – өнімді нарыққа алғашқылардың бірі болып шығару мүмкіндігі. Былтыр қырыққабаттың бағасы жақсы болды, биыл да сол деңгейден үміттеніп отырмыз, – дейді қожалық басшысы Е.Әлиев.
Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1–1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың ринда, пекин, пандион сияқты сұрыптарын таңдауда. Бұл сұрыптар ерте пісуімен, тасымалдауға төзімділігімен және нарықтағы сұранысының жоғары болуымен ерекшеленеді. Ерте өнімге еуропалық және ресейлік тұтынушылар тарапынан қызығушылық жоғары. Сонымен қатар, мақтааралдық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге де бағытталып отыр.
Қырыққабат дақылының тағы бір артықшылығы – ерте жиналатындығында. Осыған байланысты диқандар қырыққабаттан кейін сол алқаптарға қауын-қарбыз, мақта, жүгері секілді өзге де дақылдарды егуге кіріседі. Нәтижесінде жерді тиімді пайдаланып, шаруалар бір жылда екі, тіпті үш рет өнім алуға мүмкіндік алып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы Мақтаарал ауданында 520 гектар алқапқа қырыққабат дақылы егіліп, нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Жиналған өнімнің басым бөлігі Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып, аудан шаруаларына айтарлықтай экономикалық пайда әкелді. Биыл да диқандар жоғары көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отыр.
