Қоғам

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде мал шаруашылығын өркендету өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы бағытта Созақ ауданында етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтуге арналған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы аудан аумағына 1 474 бас «Калмық» тұқымды асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал жеткізілді. Оның ішінде 1 245 басы аналық мал болса, 229 басы өткен жылғы төлдер. Бұл көрсеткіш ауданның асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы әлеуетін арттырып отыр.

Әкелінген мал басы ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастырылуда. Сонымен қатар серіктестік орман қоры жерінен 9 000 гектар жайылым жерді пайдалану жөнінде келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта барлық мал аудан бойынша тіркеліп, ветеринариялық есепке алынып, тиісті бақылауға алынған.

«KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2020 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында құрылған. Кейіннен ауданның жайылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ісін қарқынды түрде қолға алған. «Калмық» тұқымды ірі қара малы етті бағыттағы жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Бұл тұқым шөл және шөлейт аймақтардың табиғи-климаттық жағдайына, сондай-ақ суыққа төзімділігімен және жерсінгіштігімен кеңінен танылған.

Серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы алдағы жоспарларымен бөлісіп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытындағы бастамаларын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіп 2020 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда әкелінген мал толықтай ауданға тіркелген. Биылғы жылы мал басын қосымша 1 500 басқа арттыру жоспарлануда. Асыл тұқымды мал Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілген. Алдағы уақытта аналық мал басын көбейтіп, аталық малды төрт жасқа толғаннан кейін экспортқа шығару көзделіп отыр. Сонымен қатар жыл басынан бері ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 10 365 келі ет өнімдері сатылған.

Жалпы алғанда, бұл жобаның жүзеге асырылуы Созақ ауданында мал шаруашылығын дамытуға, ет өндірісін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы саласының экономикалық тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Асыл тұқымды мал басының артуы өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге де жол ашады.

Қатысты жаңалықтар

ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ

bastynews

Умная мобильность в действии: Шымкент внедряет интеллектуальный транспорт

bastynews

Масылдық – қоғам індеті

Bastynews