Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,2 МЛН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында 2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 1 млн 235,9 мың шаршы метрге жетті. 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6,6%-ға артқан. Жалпы өткен жылы тұрғын үй құрылысына 201 млрд 829 млн теңге инвестиция салынған. Бұл жайында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді.

– «Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша республика көлемінде көш басында. 2025 жылы өңірде 43 327 сәби дүниеге келген. Оның 22 247-сі ұл, 21 080-і қыз бала. Жалпы облыс халқының саны 2 148 168 адамға жеткен. Соның ішінде қала халқы – 545 012 адам, ауыл тұрғындарының саны – 1 603 156 адам. Былтыр өңірде 10 112 неке тіркелді. Облысқа қоныс аударушылар саны да өскен: еліміздің басқа облыстарынан 62 885 азамат қоныс аударса, 410 адам ынтымақтастық елдерінен, 6 адам алыс шет елдерден келді», – деді спикер.

Өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына байланысты тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы салынған тұрғын үйлер ауылдық және қалалық жерлерде жаңа шағын аудандар мен көпқабатты кешендерді қамтыған. Сонымен қатар облыста бюджеттік және арендалық тұрғын үйлердің құрылысын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, бұл жастар мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталған.

Былтыр облыста негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн 745 млрд 585 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 21,6%-ға артқан. Салынған инвестициялар салалар бойынша былай бөлінген: өнеркәсіп – 722 млрд 929 млн теңге (41,4%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 195 млрд 953 млн теңге (11,2%), жылжымайтын мүлік саласы – 283 млрд 135 млн теңге.

Инвестициялық жобаларға салынған қаражат облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өңдеу көлемін ұлғайтуға ықпал етуде. Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылысын дамыту арқылы қала мен ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуеті нығаяды, жолдар, инженерлік желілер мен коммуналдық қызметтер жаңартылуда.

Биылғы жоспарлар бойынша Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемін 220 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірде тұрғын үй салу мен инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, соңғы жылдардағы тұрғын үй құрылысының қарқыны мен инвестиция көлемінің артуы Түркістан облысын республикадағы дамушы және тартымды өңірлердің біріне айналдырып отыр.

Қатысты жаңалықтар

САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

bastynews

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ ӨМІР СҮРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫНҒАН

Bastynews

Айдос Сарым: Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты

bastynews