Ақпарат Қоғам

Серік Егізбаев: «Ауыл» партиясы тарихи реформаларды жүзеге асыруға дайын

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев реформаның негізін құрайтын үш стратегиялық тіректі белгілеп берді.

Ең алдымен, депутаттың пікірінше, жаңа конституциялық редакцияға сәйкес, Құрылтайдың заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып бекітілгені – бұл заң шығару процесіндегі артық бюрократияны, палаталар арасындағы ұзақ келісімдер мен кедергілерді жояды және халықтың билікке тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.

«Конституция бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Бұл дегеніміз – Құрылтай жай ғана заң қабылдаушы мекеме емес, ол – халықтың билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ететін, егемендігіміздің символына айналатын ең жоғары легитимді орган деген сөз. Билікке ешкімнің қол сұғуына жол бермейтін бұл конституциялық норма – мемлекеттілігіміздің мызғымас кепілі. Құрылтай заңның жобалануынан бастап оның қабылданып, күшіне енуіне дейін – басынан аяғына дейін толық жауапкершілікті өз мойнына алады», – деді ол.

Сонымен қатар, Серік Егізбаевтың пікірінше, партиялық тізім – кәсібилік пен саяси мәдениеттің кепілі.

«Стратегиялық маңызы бар тағы бір шешім – Құрылтайдың пропорционалды негізде, яғни партиялық тізімдер арқылы жасақталуы. Бұл – еліміздің саяси мәдениетін мүлдем жаңа биікке көтереді. Партиялық тізім – Құрылтайдың интеллектуалдық әлеуетін қамтамасыз ететін негізгі тетік. Бұл жүйе арқылы біз Парламентке қоғамның барлық тобын, әсіресе ауыл мамандарын, білімді жастар мен белсенді әйелдерді тартамыз», – деп айтты Мәжіліс депутаты.

Ал Халық Кеңесіне келгенде ол бұл органның құзыреті бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясы ие болған мүмкіндіктерден әлдеқайда кең және пәрменді екенін жеткізді.

«Халық Кеңесінің функциялары енді уақытша ережелер немесе жарлықтар емес, Ата Заңның ажырамас бөлігіне айналды. Олар – мызғымас, ешкімнің еркімен өзгермейтін, конституциялық тұрғыдан қорғалған құқықтар. Бұл – Халық Кеңесінің мемлекеттік иерархиядағы орнын бекемдейді. Халық Кеңесі- Құрылтайға тікелей заң жобаларын енгізуге және ең маңызды мемлекеттік мәселелер бойынша референдум бастамасын көтеруге құқылы. «Ауыл» партиясы халық жүктеген осы тарихи реформаларды жүзеге асыру үшін өзінің барлық кәсіби әлеуетін жұмсауға дайын. Біз ауылдағы ағайынның сеніміне адал болып, ел үмітін іспен ақтауды басты борышымыз деп білеміз», – деп, ол өз сөзін қорытындылады.

Қатысты жаңалықтар

Президент: «Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді»

bastynews

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АЭА-да 7 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ ҚАЛАНДЫ

bastynews

«ҚАЗЫҒҰРТ» ЖӘНЕ «ТЕМІР БАБА» ЖАҢА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІ АШЫЛДЫ

bastynews