Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде дамыту және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 1 гектар аумақта арнайы тұқымбақ ұйымдастырылды. Аталған жоба облыс көлемінде іске асырылып жатқан жасыл белдеу қалыптастыру және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
Аудан аумағында орналасқан тұқымбақ «Жетісай қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне беріліп, қазіргі таңда көшет отырғызу, оларды күтіп-баптау және жерсіндіру жұмыстары мекеме қызметкерлерінің күшімен жүргізілуде. Көшеттердің сапалы өсуі үшін топырақ құнарлылығын арттыру, суару жүйесін реттеу, зиянкестерден қорғау және агротехникалық талаптарды сақтау шаралары тұрақты түрде атқарылуда.
Тұқымбақта емен, айлант, үйеңкі, катальпа, акация, көк терек, ақ терек, мырза терек, ива, келінтал мен жиде секілді климатқа бейімделген ағаш және сәндік өсімдіктердің 65 мыңға жуық көшеті дән себу және қаламшалау әдістері арқылы өсірілуде. Әрбір көшеттің жерсінуі мен өсу қарқыны арнайы бақылауда болып, болашақта олардың аудан аумағында ұзақ мерзім бойы сақталуына мән берілуде.
Тұқымбақтың жұмысымен арнайы танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов егілген көшеттердің жай-күйін көріп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан басшысы тұқымбақты тиімді пайдалану, көшеттерді сұрыптау, олардың сапасын арттыру және сақтау мерзімін ұзарту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол бұл бастаманың ауданның экологиялық ахуалын жақсартуда, шаң-тозаңды азайтуда және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруда маңызы зор екенін жеткізді.
Алдағы кезеңде тұқымбақта өсірілген көшеттер аудан көшелеріне, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттардың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарына, сондай-ақ саябақтар мен демалыс аймақтарына кезең-кезеңімен отырғызылатын болады. Бұл өз кезегінде Жетісай ауданының сәулеттік келбетін жақсартып, жасыл желек көлемін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге ықпал етеді.
Сонымен қатар аталған тұқымбақтың жұмысын кеңейту, көшет түрлерін көбейту және алдағы жылдары қосымша аумақтарды көгалдандыру жоспарланып отыр. Бұл бастама жергілікті бюджет шығындарын оңтайландыруға, сырттан көшет сатып алу қажеттілігін азайтуға және өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген жасыл желек қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
