Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан қаласында өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған ірі әлеуметтік жоба – 80 төсек-орынға арналған заманауи ана мен бала орталығының құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Медициналық нысан «Түркістан» әлеуметтік корпоративтік даму қорының тапсырысы негізінде салынуда. Жобаны іске асыруға Біріккен Араб Әмірліктеріндегі беделді «Абу-Даби» қоры демеушілік көрсетіп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көріп, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Аймақ басшысы құрылыс сапасына, белгіленген кестенің сақталуына және қауіпсіздік талаптарының қатаң орындалуына баса назар аударды. Сонымен қатар нысанның қала сәулетіне үйлесімді болуы керектігін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Ана мен бала денсаулығы – өңір дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Түркістан облысында халық саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты перинаталдық қызметтің сапасын арттыру, заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптастыру – басты міндет. Жаңа перзентхана халықаралық стандарттарға сай салынуы тиіс. Құрылысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтап, тұрғындарға уақытылы пайдалануға беруді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Жобаның жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Эристайл Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ана мен бала орталығы 3,3 гектар аумақта бой көтереді. Бір және екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 17 288 шаршы метрді құрайды.

Медициналық мекеме 4 блоктан тұрады. Оның ішінде 30 орындық жүктілік патологиясы бөлімі, босанған аналарға арналған 50 орындық бөлім, диагностикалық және қосымша қызмет көрсету аймақтары қарастырылған. Барлық бөлімдер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, аналар мен жаңа туған нәрестелерге қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар перинаталдық көмектің барлық кезеңін қамтитын кешенді қызмет көрсету жоспарланған.

Әлеуметтік маңызы зор нысанның құрылысы 2025 жылы басталған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 109 жұмысшы мен 12 арнайы техника үздіксіз еңбек етуде. Жұмыс қарқыны жоспарға сай жүргізіліп келеді. Перзентхананы 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Аталған жоба іске қосылғаннан кейін Түркістан қаласы мен оған іргелес аудандардағы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі айтарлықтай жақсарып, ана мен бала өлімін азайтуға, демографиялық көрсеткіштерді тұрақты дамытуға оң ықпал етеді деп күтілуде.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «БӘЙТЕРЕК» ХОЛДИНГІМЕН БІРЛЕСКЕН ДАМУ ЖОБАЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

bastynews

«Бораттың» режиссері неге Қазақстанды таңдағанын айтты

Bastynews

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция күнімен құттықтауы

bastynews