Шымкент қаласындағы «Авимед» көпсалалы колледжінде «Қарттары бар елдің қазынасы бар» атты маңызды кездесу өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – ардагерлер мен жастардың арасындағы байланысты нығайту, аға буынның өмірлік тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Кездесу Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен және «Бәйтерек» жастар ұйымының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Жиынға Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, «Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы Ролан Қонысбеков, аға буын өкілдері, ата-аналар және «Авимед» колледжінің жастары қатысты. Аға буынның қоғамдағы рөлі мен маңызы жастарға терең ой салып, олардың өнегелі өмір жолы болашақ ұрпаққа үлгі боларлықтай әсер қалдырды.
Кенжехан Төлебаев жиын барысында ардагерлердің елімізге сіңірген еңбектері мен олардың өмір жолындағы қиындықтарды еңсерудегі табандылықтары туралы баяндап, жастарға өнегелі кеңестер берді. Ол ардагерлердің тәжірибесі мен даналығын қазіргі заманғы жас ұрпақтың бойына сіңіру қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтардың маңыздылығын атап өтті.
«Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы Ролан Қонысбеков өз сөзінде осындай кездесулердің жастардың рухани дамуына үлкен әсер ететінін және олардың ардагерлерден алған тәлімдерінің болашақ өмірлерінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ жастардың ардагерлердің өмірлік тәжірибесін бағалап, құрмет көрсетуі қоғам үшін үлкен құндылық екеніне тоқталды.
Кездесу барысында колледж студенттері ардагерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен кеңестеріне құлақ асты. Ардагерлер өздерінің өмір жолындағы маңызды сәттерімен бөлісіп, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Іс-шара соңында «Авимед» колледжінің басшылығы мен студенттері ардагерлерге алғыстарын білдіріп, олардың тәжірибесін болашақта да үлгі тұтатындарын жеткізді. Кездесу -ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастардың бойында патриотизм мен жауапкершілік сезімін оятуға үлкен үлес қосты.
Осындай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайтып, болашақ ұрпақтың дұрыс бағытта тәрбиеленуіне септігін тигізеді деп күтілуде.