Ақпарат Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 2 СУ ҚОЙМА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

үркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңірді ағын сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

– Вегетациялық маусым басталғанға дейін тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, су қоймаларға су көлемін толық жинауды, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаждарды жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымы бойынша шаруалармен ағын су бөлу келісім-шарттарға тұруды тапсырамын. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыру керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, Облыста суармалы жердің жалпы көлемі – 575 мың гектар. 2025 жылға облысқа 4,6 млн м³ ағын су лимиті бекітілген. Алайда су көлемінің аз келу болжамына байланысты биылға лимит 3,8 млн м³ болып қайта қаралды. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метрді құрап, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалды.

Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі. Жаһандық жылынудың әсерінен трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің 2,8 млрд текше метрі немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған.

Қазіргі таңда облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Су қоймаларындағы су көлемі – 4,0 млрд м³ немесе 47 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына 3,3 млрд м³, Көксарай су реттегішіне 567 млн м³, Бөген су қоймасына 169 млн м³ су жиналған.

Су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды осы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде келер жылғы вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл аяқталып, 350 гектар жер сумен қамтамасыз етіледі.

Алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделген. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су мәселесін шешуге мүмкіндік туады.

Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Жыл сайын 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2030 жылға қарай 622,8 млн м³ су үнемдеуге қол жеткізу көзделіп отыр. Биыл Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында 24 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 10,6 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша тауар өндірушілерден ұсыныстар түскен. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

bastynews

Программа «Таза Қазақстан»: в Шымкенте все больше горожан, заботящихся об экологии

bastynews

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДАҒЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҮЙРЕТЕТІН МЕКТЕПКЕ ЕЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ

Bastynews