Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

 Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Ордабасы ауданында заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтың құрылысы ресми түрде басталды. Бұл жоба өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі саналады.

 Жаңа перинаталдық орталық болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары деңгейде, қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жүкті әйелдерді бақылау, босандыру, неонаталдық күтім мен күрделі медициналық жағдайларға жедел көмек көрсету толықтай қамтамасыз етіледі.

 Аталған нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған міндеттер аясында жүзеге асырылуда. Жол картасына енгізілген бұл жоба еліміз бойынша перинаталдық қызметтің қолжетімділігін арттырып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған, білікті дәрігерлер мен орта буын мамандар еңбек ететін орталықтар желісін қалыптастыруды көздейді.

 Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобалау жұмыстарын «ЦАПСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, құрылыс-монтаж жұмыстары «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-не жүктелген. Нысанның сапалы әрі белгіленген талаптарға сәйкес салынуын техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тұрақты түрде бақылауда ұстайды.

 Жоспарға сәйкес, перинаталдық орталықтың құрылысы 2028 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады, ал нысан 8 гектар аумақты қамтиды. Жобаның жалпы құны 45,8 млрд теңгені құрайды. Орталықта заманауи медициналық жабдықтар орнатылып, бірнеше бөлімше мен диагностикалық қызмет түрлері қарастырылған.

 Аталған медициналық мекеме іске қосылған соң Ордабасы ауданының тұрғындарымен қатар, көршілес елді мекендер мен аудандардың халқы да жоғары деңгейдегі перинаталдық қызметке қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ана мен бала өлімін азайтуға, күрделі босану жағдайларында көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

 Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысы белгіленген кестеге сәйкес қарқынды түрде атқарылып, жоба өңір халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ӨТІНІШІН ҚАРАДЫ

Bastynews

БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР АРҚЫЛЫ БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ТИІМДІЛІГІ АРТТЫРЫЛУДА

bastynews

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

bastynews