Биыл Түркістан ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың гектар, күздік егіс – 208 мың гектар, ескі жоңышқа – 175 мың гектар.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқару мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын қалыптастыру барысында рентабельділігі жоғары әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық берілген. Атап айтқанда, мақта егісі 18 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды, жүгері 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды, мақсары 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектарды құрайды. Ал бидай алқабы 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектарға егілмек.
Жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Өткен жылы трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы туындауына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі.

Жүгері дақылының егіс көлемін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері күшейтілді. «Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында жүгеріні субсидиялау нормативі тоннасына 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ мақсары дақылына берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін артты.
Қазіргі таңда жер жырту жұмыстары 49 пайызға, ал сор шаю жұмыстары 2 пайызға орындалды. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында, ал сор шаю 20 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
2026 жылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша өтінімдер 1-30 желтоқсан аралығында қабылданып, жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп анықталды. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыста 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Бүгінгі таңда қоймаларда 25 мың тонна тыңайтқыш қоры бар.
Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың агрегат бар. Техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан аса техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге қаржы бөлінді.
Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру бағытында өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 180 жоба бойынша 3,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 101 жоба 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдіктеріне бекітілген егіс құрылымын қатаң сақтау, агротехникалық шараларды мерзімінде аяқтау, дизель отынын тұрақты жеткізу, техника жаңартуды 8 пайызға жеткізу, тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу және шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
