Ақпарат Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНЕ ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров полиция департаментінің жеке құрамына жаңа басшыны таныстырды.

Келелі кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев және құқық қорғау саласының ардагерлері қатысты.

Облыс әкімі департаменттің жаңа басшысының қызметіне сәттілік тіледі.

– Облыстық полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған Арыстанғани Расилханұлын шын жүректен құттықтаймын. Сізге осы жауапты әрі маңызды қызметте табыс пен абырой тілеймін! Осы уақытқа дейін бұл қызметті абыроймен атқарған Мұрат Талапұлына Түркістан облысы тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруды тапсырды. Бұл бағытта өңірде заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту жолында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімдігі тарапыннан құқық қорғау органдарының еңбектеріне қолайлы орта туғызу, материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті қолдаулар көрсетіліп келеді. Біздің басты міндетіміз – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін, заң үстемдігі нақты қамтамасыз етілген ортаны қалыптастыру.

Қауіпсіз орта – бұл тек қылмыстың болмауы емес, ол халықтың полицияға деген сенімі, әділдік пен тәртіптің сақталуы. Сондықтан біз бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды сапалы жүргіземіз деп сенім білдіремін, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, бұған дейін аталған қызметті атқарған полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы ретінде жаңа қызметіне кірісті. Ал Түркістан облысының полиция департаментінің жаңа бастығы Арыстанғани Расилханұлы бұған дейін Алматы қаласы полиция департаментін басқарған.

Арыстанғани Заппаров 1969 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының Заң институтын тәмамдаған. Полиция генерал-майоры. Ішкі істер органдарында 1993 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әр жылдары Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және көліктегі полиция бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕКТЕН АЛЫСТАУ МАСЫЛДЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ

Bastynews

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

bastynews

ҒАПЫЛДЫҚ ПЕН МАСЫЛДЫҚ

Bastynews