Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі:
– **«Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік»», – деді аудан басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен:
- Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық елді мекені,
- Жылға ауылдық округінің Шеңгелді елді мекені,
- Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекені
орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС жүзеге асырды. Жоба аясында 500 метрлік су құбырлары жүргізіліп, жаңа су сорғы станциялары мен резервуарлары орнатылды. Нәтижесінде әр елді мекенде мыңға жуық абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданында 1 қала және 13 ауылдық округте жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұған дейін 79,3 пайыз құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 85,7 пайызға жеткен болатын. Ал бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі жүйелердің арқасында тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта шалғайдағы барлық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асыруда. Жоспар аясында жаңа резервуарлар, насос станциялары мен су құбырлары салу жұмыстары жүргізіліп, халыққа таза және сапалы ауыз су жеткізу тұрақты түрде қамтамасыз етілетіні атап көрсетілді.
📌 Айта кетейік, жаңа нысанның іске қосылуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң серпін беретін маңызды жоба болып отыр. Бұл – Тәуелсіздік мерекесінің символдық мәні бар әлеуметтік бастамаларының бірі.
