Ақпарат Жаңалықтар Саясат

Президент Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы жоспарлар жөнінде баяндалды.

Облыс әкімі ирригация жүйелерін қайта қалпына келтіру үшін Ислам даму банкінен қаржы тартылып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда 135,5 миллиард теңгеге 24 жобаны қаржыландыру мақұлданған. Сонымен қатар Түркістан қаласы мен оған жақын орналасқан алты ауданды тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп, «Боралдай» су қоймасының жобасы әзірленіп жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында мақта, жүгері және ет кластерлерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, мақта-тоқыма кластері аясында құны 197 миллиард теңгені құрайтын бес жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ жүгері-сірне зауытының құрылысы басталып, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуда Австралия тәжірибесі енгізілуде.

Энергетикалық тапшылықты шешу үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар индустриялық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ 32 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны пайдалануға беріліп, 45 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң аясында белгіленген міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, туризмді, ауыл шаруашылығын және шағын кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ елді мекендерді толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Ақпарат көзі: Akorda.kz

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Bastynews

Новая подстанция в Шымкенте решит вопрос качественного электроснабжения целого массива

bastynews

Рақымов ауылының еріктілері жарап тұр

Bastynews