Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖРВИ ЖӘНЕ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ 272 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕКПЕ ЕГІЛДІ

2025 жылдың 11 айында Түркістан облысында ЖРВИ және тұмау инфекциясымен ауырған 313 173 науқас тіркелді. Биыл өңірге тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол+» екпесінің 271 348 данасы бөлініп, тұрғындарға толық егілді. Бұл туралы өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов баяндады.

– «Биыл тұрғындар арасында оба, құтыру, тырысқақ, паратифтер, дифтерия, көкжөтел, қызамық, іш сүзегі, серозды менингит және полиомиелит аурулары тіркелген жоқ. Аталған жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында барлық эпидемиялық ошақтарда кешенді іс-шаралар толық жүргізілді», – деді департамент басшысы.

Жыл басынан бері департамент тарапынан облыстағы нысандардың санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша 193 тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер негізінде 191 тұлғаға 59 млн 628 мың 740 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, кемшіліктерді жою бойынша 122 нұсқама беріліп, 6 жедел ден қою шарасы қолданылды.

Биыл облыста 1 236 тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтандырылмаған ауыз су көздеріне санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша 227 су сынамасы тексерілді, оның ішінде 23 сынама талапқа сәйкес келмеді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолданды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері өңірде тамақтан уланудың 3 жағдайы тіркеліп, 108 адам зардап шеккен. Ал ботулизм ауруы бойынша 3 жағдай анықталып, 6 адам зардап шеккен. Улануға себеп болған – үй жағдайында дайындалған консервіленген қияр, қызанақ және көкөністен жасалған салат өнімдері.

Департаменттің ақпараты бойынша, екпелерді уақтылы жүргізу, санитарлық нормаларды сақтау және тамақтан улану жағдайларының алдын алу тұрғындар арасында инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға септігін тигізуде. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарға вирустық және жұқпалы аурулардан қорғану үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, қол жуу, маска тағу және халық көп шоғырланатын орындарда сақтық шараларын қолдану маңызды екенін ескертуде.

Сала мамандары тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинацияны уақытында алу, балалар мен қарттарға ерекше назар аудару, су мен тағам қауіпсіздігін сақтау бағытында қосымша шараларды орындауға шақырды. Екпелердің толық көлемде жүргізілуі мен алдын алу іс-шараларының нәтижесінде облыс тұрғындарының денсаулығы тұрақты бақылауда болып, жұқпалы аурулармен күрес жүйесі күшейтілуде.

Қатысты жаңалықтар

ЗАҢДАР БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУІ ТИІС

bastynews

Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары

Bastynews

Глава государства выступил на Третьей конференции Организации Объединенных Наций по развивающимся странам, не имеющим выхода к морю

bastynews