Шымкент қаласының жалпы білім беретін мектептерінде цифрлық трансформация үдерісінің жаңа кезеңі басталды. Білім беру ұйымдарында оқушылардың қозғалысын, сабаққа қатысуын және ішкі инфрақұрылымды пайдалануды бақылауға бағытталған инновациялық «Алақан» биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Бұл шешім Smart City тұжырымдамасы аясында адами капиталды қорғау, оқыту ортасын цифрландыру және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.
Аталған жүйе адамның алақанындағы веналық үлгілердің бірегейлігін пайдалану арқылы жұмыс істейді. Веналық биометрия – адам ағзасындағы физиологиялық ерекшеліктерге негізделген заманауи идентификация әдісі болып табылады. Бұл технология дәстүрлі карталар мен кілттерге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы, себебі алақан бедері әр адамда қайталанбайтын күрделі құрылымға ие және оны жасанды түрде көшіру мүмкін емес.
«Алақан» жүйесі арқылы мектепке тек алдын ала тіркелген пайдаланушылар – оқушылар мен педагогикалық ұжым өкілдері ғана кіре алады. Мектепке кіру және шығу уақыты нақты тіркеліп, деректер автоматтандырылған базаға енгізіледі. Бұл – оқу орындарының периметрлік қауіпсіздігін күшейтіп, бөгде тұлғалардың ғимаратқа кіруін шектейтін тиімді құрал. Мегаполис деңгейіндегі демографиялық жүктемені ескере отырып, бұл бастама Шымқала мектептерінде білім алатын мыңдаған оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам.
Сонымен қатар, жүйе оқушының асханада жасаған қолма-қол ақшасыз транзакцияларын да тіркейді. Ата-аналар баласының мектептегі белсенділігі, сабаққа қатысуы және күнделікті тамақтану рационы жөнінде мобильді қосымша немесе хабарлама жүйесі арқылы жедел ақпарат алып отырады. Бұл – ата-аналар мен мектеп арасындағы коммуникативтік байланысты нығайтудың тиімді әдісі.
Биометриялық сәйкестендіру жүйесінің енгізілуі цифрлық педагогика талаптарына толықтай сай келеді. Білім беру мекемелерінде деректерді автоматтандыру, оқушылардың келу-кетуін тіркеу, оқу процесіне қатысуын жүйелі бақылау арқылы педагогикалық менеджменттің сапасы артып, әкімшілік ресурстар тиімді пайдаланылады. Сонымен бірге, оқушылардың цифрлық қарым-қатынас пен дербес жауапкершілікке бейімделу деңгейі жоғарылайды.
«Алақан» жобасы оқушылардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржылық сауаттылық пен электрондық төлем мәдениетін қалыптастыруға да септігін тигізеді. Қолма-қол ақшаны қолданбау – қаржылық тәртіпті сақтауға, қажетсіз шығындарды болдырмауға және отбасы бюджетін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жүйенің енгізілуі Шымкент қаласының білім беру инфрақұрылымын цифрландыру стратегиясының бір бөлігі ретінде жүзеге асуда. Алдағы кезеңде бұл тәжірибе қаланың барлық мектептерінде кезең-кезеңімен енгізіліп, болашақта деректерді Big Data және AI алгоритмдері арқылы сараптау мүмкіндіктері қарастырылатын болады.