Отырар ауданында ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін айқындайтын игі бастама қолға алынды. Көксарай ауылының жастары мен 70 жастан асқан қарияларға дейін ауылды көркейтуге білек сыбана кірісті. Елді мекенге кіретін күре жол бойына көшет егіліп, қоршау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ауылдағы ішкі көшелердің бойы да көгалдандыруға тартылып, жасыл желекке орандырылуда. Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов арнайы келіп, тұрғындардың атқарған жұмыстарын көріп, көшет егуге өз үлестерін қосты. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды көркейту мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Бүгінде аудан көлемінде тұрақты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар тазалыққа ден қойып келеді. Көксарай ауылында бастау алған бұл бастама ауыл халқын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа үндейтін ауқымды шара. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі басқа елді мекендерге үлгі болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады», – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін берілетінін жеткізді.
Қоғамдық бастаманың алғашқы кезеңінде 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8 000-ға жуық түрлі көшет егілді. Алдағы жылдары бұл іс-шара жалғасын тауып, екі жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары арасында экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында ағаштарды дұрыс күту, суару және қоректендіру бойынша арнайы тренингтер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ауыл мектептерінде жасөспірімдерге арналған экологиялық сабақтар мен сенбіліктер өткізілуде, бұл жас буынды табиғатты қорғауға баулуға және өз жерін сүюге тәрбиелейді.
Ауылдағы бұл бастама тек экологияны жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірді белсендіруге, ауыл тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастық пен ұйымшылдыққа баулуына үлгі болуда.
