Соңғы жаңалықтар

АРЫСТЫҚ ОҚУШЫ ЕЛОРДАДА ӨТКЕН «ЖҰЛДЫЗ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНДА ГРАН-ПРИ ИЕЛЕНДІ

Елордада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауы өз мәресіне жетті. Бұл шығармашылық жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған, олардың таланттарын ашуға, армандарына қанат бітіріп, сахнаға шығуға мүмкіндік беретін жаңа алаң болып табылады.

Республикалық ән байқауына еліміздің әр өңірінен 42 үміткер қатысты. Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11 сынып оқушысы Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы үздік өнер көрсетіп, «Жоғары санаттағы «Соло»» номинациясында Гран-при иеленді. Жеңісіне орай Ерасылға Дубайға жолдама берілді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова:

«Көптеген қатысушы үшін бұл — үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», – деді.

Ерасыл өнерге бейім әрі жан-жақты талант иесі ретінде сахна мәдениеті мен орындаушылық қабілетін үнемі жетілдіріп келеді. Ол мектепішілік және аудандық іс-шараларда үздік нәтижелер көрсетіп, әрдайым шығармашылық жұмыстарда белсенділік танытады. Оның еңбекқорлығы, жауапкершілігі мен шабыты болашақта да шығармашылық белестерді бағындыруға жол ашатыны сөзсіз.

Байқаудың ұйымдастырушылары атап өткендей, осындай республикалық жобалар жас таланттардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға, олардың жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл байқау қатысушыларға кәсіби дамуға, тәжірибе алмасуға және өз қабілеттерін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.

Өңіріміздің мақтанышы, жас талант Ерасыл Өскенбаевтың жеңісі Түркістан облысының білім және мәдениет саласындағы жетістіктерін паш етіп, болашақта өңірден жаңа жұлдыздардың шықпақ екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар, байқау барысында барлық қатысушыларға ерекше номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары берілді. Мысалы, «Үздік сахна мәдениеті», «Ең шабытты орындаушы» және «Көрермендер таңдауы» номинацияларында жеңімпаз атанған оқушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұл шара жастардың өзін-өзі көрсетуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына серпін беріп, оларды өнер әлемінде жаңа белестерге жетелеуге бағытталғанын көрсетеді.

Байқау қорытындысы бойынша өңірлік деңгейде де шығармашылық топтар мен дарынды балалардың қосымша қолдау шаралары жоспарланып отыр. Түркістан облысының білім басқармасы мен жергілікті мәдениет мекемелері болашақта да осындай республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуға мүмкіндік беріп, жас таланттарды дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастырады.

Бұл жеңіс тек Ерасылдың жеке жетістігі ғана емес, Түркістан өңіріндегі білім беру және тәрбиелеу жүйесінің, шығармашылық дамуға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың нәтижесі болып табылады. Осылайша, жас таланттар өз мүмкіндіктерін танытып, өңірдің мәдени өміріне жаңа леп әкелуде.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ ЖӘНЕ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІ ӨТТІ

bastynews

МУРАТ АЙТЕНОВ: НЕОБХОДИМО ОСВЕТИТЬ УЛИЦЫ ПО ПУТИ В ШКОЛЫ И ДЕТСКИЕ САДЫ

Bastynews

ШЫМКЕНТТЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТУДЕ

Bastynews