Түркістан облысына іссапар барысында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК Түркістан облысындағы филиалына 133 жаңа техниканың кілттерін табыстады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, өңірлік диқандар мен шаруалар қатысты, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Жаңартылған техника паркі министрліктің бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы алынған. Бұл техникалар өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға, әсіресе, суармалы кезеңде каналдарды механикалық тазарту жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін осындай жаңа 69 техника филиалға жеткізілген болатын.
– «Бұл техникалық жаңғырту «Қазсушар» жүйесінің қызмет сапасын арттырып, диқандар мен шаруалардың қажеттіліктерін уақытылы қанағаттандыруға жол ашады. Суармалы кезеңде каналдар мен су қоймаларын уақытында және сапалы күтіп ұстау егістік өнімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді» – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалы өңірдегі суармалы жерлерді сапалы сумен қамтамасыз ететін су шаруашылығы жүйелерін, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар гидротехникалық нысандарды пайдаланумен айналысады. Бүгінде филиал құрамында 13 өндірістік бөлімше жұмыс істейді. Олар жергілікті деңгейде суармалы жерді, арналарды, құрылымдарды басқару мен пайдалануға жауапты.
Филиал теңгерімінде 18 су қоймасы, 11 су бөгеті, жалпы ұзындығы 5 497 шақырымды құрайтын 1 858 канал, 1 208 тік дренажды ұңғыма, ұзындығы 3 086 шақырым болатын 408 қашыртқы, сондай-ақ 76 басқа да су нысаны бар. 2025 жылдың алғашқы кезеңінде мекеме 330 шақырым каналды механикалық әдіспен тазартты.
Жаңа техника паркімен қатар, филиалда су шаруашылығы жүйелерін автоматтандыру, гидротехникалық нысандардың жұмысын қашықтан бақылау жүйесін енгізу сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар каналдар мен су қоймаларының жұмысын тиімді қадағалауға, су қорын үнемді пайдалануға және егістік жерлерді тұрақты суару режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жаңа техниканың өңір диқандарының жұмысына қосатын пайдасын атап өтіп, ауыл шаруашылығы секторында қолданыстағы суармалы жүйелердің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ, шаруалардың өнімділігін арттыру үшін жаңа суару технологияларын енгізу және қызметкерлерді кәсіби оқыту бойынша ұсыныстар пысықталды.
Сондай-ақ, «Қазсушар» филиалының қызметкерлері техника мен гидротехникалық нысандарды дұрыс пайдалану, күтімін ұйымдастыру бойынша арнайы оқытудан өтті. Бұл қадам техникалық құралдарды ұзақ мерзімді және тиімді пайдалану, сондай-ақ суармалы маусымда тұрақты жұмыс режимін қамтамасыз ету үшін маңызды болып отыр.
Жалпы, жаңа техника мен заманауи технологияларды енгізу Түркістан облысындағы суармалы жерлерді тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және диқандар мен шаруалардың жұмысына тұрақтылық әкелуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.
